2024 жылы әлемдік экономиканың өсімі 2,6%-ды құрайды – Дүниежүзілік банк

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
әлемдік экономиканың
ДБ 2024 жылы әлемдік экономиканың өсімі қандай болатынын жариялады /Фото: shutterstock

2024 жылы әлемдік экономиканың өсімі 2,6%-ды құрайды. Ал 2025–2026 жылдары өсім қарқыны аздап артып, орта есеппен 2,7%-ға жетуі ықтимал. Дүниежүзілік банктің (ДБ) есебінше, бұл COVID-19 пандемиясына дейінгі онжылдықтағы орташа 3,1% көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Бұл туралы халықаралық ұйымның Global Economic Prospects баяндамасында жазылған.

Дүниежүзілік банк биыл әлемдік экономикалық өсім тұрақтанады деп болжайды. Оның есебіне сәйкес, бұл соңғы үш жылда алғаш рет жүзеге аспақ. Алайда ДБ қазіргі көрсеткіш бұған тарихи көрсеткіштерден әлсіз екенін атап өтеді.

Жалпы алғанда, дамушы елдердің экономикасы 2024-25 жылдары орта есеппен 4% өспек, алайда бұл 2023 жылмен салыстырғанда сәл төмен.

«Дамушы елдер жеке инвестицияларды ынталандыру, мемлекеттік қарызды азайту, білім беру, денсаулық сақтау және негізгі инфрақұрылымды жақсарту жолдарын табуы керек», – деді Дүниежүзілік банк тобының аға вице-президенті Индермит Гилл.

Әрбір төртінші дамушы елдің экономикасы биыл 2019 жылы болған пандемияға дейінгі деңгейге де жете алмайды. Дамушы және дамыған елдер арасындағы табыс алшақтығы 2020 және 2024 жылдар аралығында арта түспек. Бұл – 1990 жылдардан бергі ең жоғары көрсеткіш. Осы елдердегі жан басына шаққандағы табыс 2026 жылға қарай орта есеппен 3%-ға өсуі ықтимал.

Жаһандық инфляция 2024 жылы 3,5%-ға, 2025 жылы 2,9%-ға дейін төмендейді. Бірақ құлдырау қарқыны жыл басындағы болжамнан баяу болады. Нәтижесінде орталық банктердің көбі негізгі мөлшерлемелерді төмендетуде сақтық танытпақ. Соның нәтижесінде базалық мөлшерлемелер жоғары қалыптасуы мүмкін.

Қаңтарда Дүниежүзілік банк осы онжылдықтың бірінші жартысында жаһандық экономикалық өсім көлемі соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткішке дейін құлдырауы мүмкін деп болжаған.

Сондай-ақ Дүниежүзілік банк Қазақстанның ЖІӨ өсімі болжамын 4,3%-ға дейін жақсартқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз