Қазақстанның қандай демалыс аймақтарына пойызбен жетуге болады – ҚТЖ танымал бағыттарға қосымша пойыздар жүретінін хабарлады

Жарияланды
«Жолаушылар тасымалы» АҚ Қазақстанның танымал демалыс аймағына қосымша бағыттар ашқан / Фото: kursiv.media

Жазда қазақстандықтар пойызбен елдің бірнеше демалыс аймағына сапарлай алады. «Қазақстан темір жолы» компаниясы бұл бағыттарға қандай пойыздардың жүретіні туралы толық мәлімет жариялады.

Қазақстандықтар әдетте жазғы демалысын Алакөл, Балқаш көлдері, Каспий теңізі, сондай-ақ, Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент қалалары және Бурабай курорттық аймақтарында өткізеді. Бұл бағыттардың барлығына да пойыз қатынайды.

Елдегі ең танымал туристік бағыттардың бірі  – Алакөл. Бұл демалыс аймағына Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан, сондай-ақ алғаш рет Қызылордан 12 бағыт бойынша ҚТЖ пойыздары қатынайды.

«Он бағыт бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздары, екі бағыт бойынша – жеке тасымалдаушылар құрамы жүретін болады. Пойыздарда ұсынылған орындардың саны өткен жылмен салыстырғанда 16 мыңға өсіп, туристік маусымда жолаушылардың ыңғайлылығын қамтамасыз ету үшін 270 мың орынды құрайды. Ұлттық тасымалдаушы ауаны баптау жүйесімен жабдықталған вагондарды пайдалануға береді»,  – делінген баспасөз хабарламасында

ҚТЖ хабарлауынша, Балқаш көліне жету үшін 7 түрлі бағыт бойынша пойыздар қатынайды. Сондай-ақ Бурабай курортына да ыңғайлы маршруттарды таңдауға болады, онда пойыздар 14 бағыт бойынша жүреді.

Ал Түркістанға пойыздар 16 бағыт бойынша қатынайды. Каспий теңізіне барғысы келетіндер үшін Ақтау пойызына мінсе болады. Бұл қалаға 6 бағыт бойынша пойыздар жүреді. Оның ішінде Маңғыстау-Семей бағытындағы пойыз Қазақстанның Батысы мен Шығысын байланыстыратын ең ұзын маршрут саналады. Бұл пойыз жолда 128 сағат жүріп, 50 станция мен 3,2 мың қашықтықты еңсереді.

Астана қаласына 37 маршрут бойынша пойыздар қатынайды. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ай сайын бұл маршрутпен 1 миллион жолаушы, оның ішінде жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары тасымалданады. Ал оңтүстік өңірдегі Алматыға 29 бағыт және Шымкентке 20 бағыт бойынша пойыздар жүреді.

ҚТЖ жазғы демалыс уақытында 4,2 млн-нан астам жолаушы тасымалдауды жоспарлап отыр. Ал теміржол билеттерінің бағасы қашықтыққа және вагондардың класына байланысты есептелмек. Ең арзан билет 2307 теңге, ең ұзақ әрі танымал бағыттағы билет құны 15824 теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз