Қазақстан нарығындағы жаңа банк: Мәдина Әбілқасымова оның қай бағытта жұмыс істейтінін айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Кореялық BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы банкке айналады. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова МҚҰ банкке айналған соң, қандай бағыттарға басымдық беретінін айтты.

«Жаңа ойыншының үлкен және өршіл жоспарлары бар. Шетелдік банк ШОБ-ты кредиттеуді, корпоративтік кредиттеуді, сауда-саттықты қаржыландыруды, қаржы лизингін, жобалық қаржыландыруды және бөлшек бизнесті қаржыландыруды жоспарлап отыр», – деп мәлімдеді Мәдина Әбілқасымова.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, микроқаржы ұйымының банкке айналуы нарық үшін маңызды оқиға. Бұл процестің ерекшелігі – микроқаржы ұйымына өз қызметін тоқтатудың қажеті жоқ. Банк лицензиясын алғанға дейін микроқаржы ұйымы өз қызметін жалғастыра бермек.

ҚНРДА басшысы BNK Finance Kazakhstan-ның жаңа рөлі мен мәртебесі банк секторындағы бәсекелестікті күшейтеді деп сенеді. Оның айтуынша, жаңа банктің пайда болуынан бірінші кезекте клиенттер, қаржылық қызметтерді тұтынушылар ұтады. Шетелдік банк халықаралық топтың үздік корпоративтік стандарттарына сәйкес қаржылық қызметтер көрсетеді.

«Қазақстанда микроқаржы ұйымы алғаш рет екінші деңгейдегі банкке айналып отыр. Мұндай ауысуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиісті заңнамалық базаны былтыр қабылдадық», – деді ол.

Корейлік BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымының банкке айналатыны 12 маусымда белгілі болды BNK Finance Kazakhstan – 129 млрд доллар мөлшерінде активтері бар кореялық конгломерат BNK Financial Group Inc құрылымына кіреді. BNK Financial Group Inc тобының құрылымына 7 еншілес ұйым, оның ішінде 2 банк (Busan Bank және Kyongnam Bank) және 4 инвестициялық компания (BNK Capital, BNK Venture Capital, BNK Securities, BNK Asset Management) кіреді. Топтың Қытай, Үндістан, Вьетнамда активтері бар.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, аталмыш микроқаржы ұйымының активтері 20 миллиард теңгеден асады. 227 МҚҰ арасында 13-орында тұр. Оның несие портфелі 18,8 млрд теңгені құраса, меншікті капиталы 7,3 млрд теңгеге тең. Микроқаржы ұйымының міндеттемелері 12,9 млрд теңгеге жеткен.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы жолдауында қазақстандық банк секторына шетелдік бантерді тартуды тасырған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз