Шарлапаев утильалымға қатысты жиыннан шоу жасаудың қажеті жоқ екенін айтты
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утильалымға қатысты жиыннан шоу жасаудың қажет жоқ деп санайды. Бұл жайлы ол Мәжіліс кулуарында айтты.
«Шыны керек, біз оның (петицияның) аясында жұмыс тобын құрдық. Петиция авторлары бұл жұмыс тобына шақырылды. Ал енді бізге диалог жүргізіп, қандай да бір шешім табуға тырысатын тұста бізге бейнекамералар мен журналистердің қатысуы т.б. нәрселер қажет боп шықты. Бәлкім, бұл мәселеден шоу жасап қоймай, министрлікке келіп, бір дастархан басында отырып сөйлесу қажет шығар», – деді Шарлапаев Сенаттың жалпы отырысында пікірімен бөлісті.
Журналистер бұл мәселе халық көкейінде жүргені себепті петицияға 50 мың адам қол қойғанын, сондықтан халық пікірі де барынша ескерілуі керек екенін айтты. Министр популизмге салынбай, бұл мәселені халық пен үкімет арасындағы диалог арқылы шешу керек деп санайды.
«Егер бұл адамдар мәселені шешуге мүдделі болса, онда олар диалогқа келу үшін барлық мүмкіндікті пайдалануы керек. Ал сіз диалог тек камера алдында ғана мүмкін деп ойлайсыз. Бар болғаны өз талаптарыңызды мемлекеттік жүйе жұмыс істей алатындай етіп тұжырымдау керек. Қазір, өкінішке қарай, бәрі популизммен, шулы мәлімдеме жасаумен шектеліп, нақты ұсыныс айтпайды», – деді министр.
Ол бұл мәселеде бейнероликтердің жүктеп салу аздық ететінін, мәселені шешу үшін утильалымға қарсы тарап, ресми түрде өз ұстанымын жеткізуі керек екенін айтты. Сонда ғана министрлік петиция жазғандардың позициясын түсіне алады. Әзірге министр олардың билікпен диалогқа келмей жатқанын айтады.
Журналистер петицияны талқылау ашық өтуі қажет екенін айтты. Шарлапаев жұмыс тобына петиция жазғандардан 11 адам кіретінін мәлімдеді. Ол сонымен бірге жұмыс тобының жиыны толық видеокамераларға жазылып, петиция авторларына берілетінін айтты.
«Жұмыс тобының отырысы бүгін өтеді деп үміттенемін. Біз ешқандай шектеулер енгізбейміз. Жиыннан бейнежазбалар жүргізіп, барлық материалды еш монтаж жасамастан петицияны қолдайтын топ өкілдеріне береміз», – деді.
Еске сала кетсек, E-Petition.kz ресми порталында жарияланған қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты петицияны қарауға қажетті қол жиналды. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің 90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. Оның 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралатыны жазылған.
Бұл петицияға қатысты Қанат Шарлапаев қазақстандық кәдеге жарату зауыттарының мүддесін де ескеруге тиіс екенін айтты. «Кәсіпорындардың мүддесін қорғау – менің тікелей міндетім. Лоббизм жасады деу орынсыз. Қазақстан өнеркәсібінің дамуына жағдай жасауымыз керек», – деген болатын министр.
Министр сонымен бірге бұл мәселеде екі тараптың да пікірі ескерілуі керек деп санайды. Сонымен бірге утильалым арқылы жаңа ашылған индустрияға қолдау көрсетілетінін, мұның отандық өнімді қорғауға бағытталған шара екенін атап өтті. Айтуынша, утильалымнан түскен қаражатқа бүгінгі күні автомобильге арналған орындықтар, автомобильге арналған дөңгелектер мен шиналар, автокөлікке арналған пластиктер шығарылады. Министрдің айтуынша, бұдан ары қарай өндірушілер үлкен пластикалық өнімдерді құюға көшеді. Өйткені үлкен заттарды сырттан тасу өте тиімсіз. Ондай заттар көп орын алады әрі жеткізу де қиын.
Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев утильалымнан түскен қаражат қайда және қалай жұмсалып жатқаны ашық болуы керек екенін айтты. Ол қоғамда бұл алым түріне қатысты қарсылықтың көбеюіне салада ашықтықтың болмауы себеп болып отырғанын атап өтті.