Қырғызстан қазақстандық миллиардерге іздеу салғаны туралы Қазақстанға жүгінбеген

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қырғызстан миллиардер Жұманбаевқа іздеу салғаны жайлы Қазақстанға жүгінбеген / коллаж kursiv.media (gov.kz және kazakhmys.kz), бильд-редактор: Денис Андреев

Қырғыз Республикасы Қазақстан азаматы Владимир Жұманбаевқа іздеу салғаны туралы Қазақстанға ресми түрде жүгінбеген. Бұл туралы «Курсивтің» сауалына берген жауабында Бас прокуратура жазды.

«Қырғыз Республикасының құзыретті органдары Қазақстан Бас прокуратурасына В.В. Жұманбаевты ұстап беру немесе оны қылмыстық қудалау туралы сұрау салған жоқ», – делінген жауапта.

Бұған қоса, Бас прокуратура Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматын шетелге беруге болмайтынын жазған.

Қазақстанның Forbes рейтингіндегі кәсіпкер Владимир Жұманбаевқа Қырғызстанда қылмыстық топты қаржыландырды деген күдікке ілінген. Қырғызстан МҰҚК ақпаратына сүйенсек, Жұманбаев бұған дейін «бірлескен бизнес-жобаларды жүргізу үшін Қырғызстан аумағында қолдау үшін» Көлбаевпен байланыс орнатқан.

«Жұманбаев Қырғызстан аумағында алтын өндірумен, кендер мен бағалы металдарды байытумен айналысатын «В.Г. К.» ЖШС иесі бола отырып, 2021-2023 жылдар аралығында компанияның жауапты қызметкерлеріне ай сайын 1 млн сомды «Братский круг» Халықаралық қылмыстық тобының құрамына кірген Көлбаевқа аударуды тапсырған», – делінген хабарламада.

«Қазақмыс» компаниясы Kazakhmys Holding топ-менеджері, миллиардер Жұманбаевтың Қырғызстанда іздеуге жарияланғанына қатысты түсініктеме берген.

«Қырғызстанның сотқа дейінгі тергеу органдарынан «Қазақмыс», «Алтын Алмас» және «Қаражыра» компаниялар тобының атына ресми сауалдар түскен жоқ. Компаниялар тобы өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады және өз қызметкерлерінің құқығын қорғауға дайын», – делінген хабарламада.

Forbes ақпаратына сүйенсек, Владимир Жұманбаев Қазақстандағы ең дәулетті адамдар тізімінде 25-орында тұр. Оған «Алтын Алмас» АҚ 20% тиесілі. Сондай-ақ, «Қаражыра» АҚ 20%, «Бенкала» тау-кен компаниясы, «Ronson-2000» ЖШС және «Vertex Holding» тиесілі. 

Сондай-ақ оқыңыз