Депутаттардың басым көпшілігі утильалымға қарсы – Абзал Құспан
Парламент депутаттарының басым көпшілігі утильалымға қарсы шығып отыр. Оның басты себебі Үкіметтің толыққанда ақпарат бермеуінде. Бұл туралы қос палатаның бірлескен отырынан кейін, журналистер сұрағына жауап берген депутат Абзал Құспан айтты.
«Депутаттардың басым көпшілігі утильалымға қарсы. Санжар Боқаевтың берген мәліметтерін жоққа шығаратындай Үкімет тарапынан мәліметті көре алмай отырмын. Неге екендігін білмеймін ашықтық жоқ бұл жерде», – деді депутат.
Абзал Құспан Үкіметтің 2016 жылдан бастап утильалымнан жиналған қаржының қайда кеткені туралы ақпаратты депуттарға да бермей отырғанын айтады.
«Мені таңғалдырған дүние Жоғарғы соттың шешімі болды. Жоғарғы сот азаматтар өздерінің қалтасынан шығып жатқан ақшаның қайда кетіп жатқанын білуге толық құқылы деп шешім шығарды. Ақпаратқа қол жеткізген кезде ғана картина белгілі болады», – деді Абзал Құспан.
Бұдан бөлек, депутат утильалымға қарсы петиция міндетті түрде ескерілуі тиіс екендігін атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы техникаларына, жүк көліктеріне қатысты утильалымды алып тастау керек. Жеңіл көлікке қатысты өз басым біздің автоөнеркәсіптің жағдайын білгім келеді. Made in KZ деп жапсырып қоямыз. Ал қалғанының бәрі не Өзбекстандыкі, не Оңтүстік Кореянікі, не Қытайдыкі болып шығып жатыр», – деді депутат.
Утильалымнан жиналған қаржыға еліміздің бірнеше өңірінде қалдықтарды қайта өңдеу зауыттары салынады. Бұл үшін «Жасыл даму» АҚ 200 млрд теңге көлемінде қаржы бөледі. Бұл ақша зауыттан бөлек қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу технологияларын енгізуге, қалдықтармен айналысатын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге жұмсалады. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев осылай деп мәлім етті.
Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, утиль алымы мәселелері бойынша петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобында тараптардың қамтылуы ескерілген. Жұмыс тобына ҚР Парламентінің депутаттары, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, Мәдениет және ақпарат вице-министрлері, Сыртқы істер министрінің орынбасарлары, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.
Сонымен қатар жұмыс тобының құрамына қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығының, өнеркәсіп саласының өкілдері, утиль алымды жоюға бастама көтерген С. Боқаев, Е. Кулбасов, Д. Макешов, Д. Салықов және басқа да азаматтар қосылды.