АҚШ қор нарығындағы дисбаланс, JPMorgan болжамы, Франциядағы қарыз дағдарысы

Жарияланды
Shutterstock

АҚШ қор нарығындағы ралли біркелкі жүріп жатқан жоқ – Dow индексі S&P 500 және Nasdaq-тан айтарлықтай артта қалып барады. Алайда JPMorgan компаниясының екінші жартыжылдыққа болжамы оң, стратегия мамандары америкалық акциялар одан әрі қымбаттайды деп отыр. Ал Францияда биліктегі партия Еуропарламент сайлауында жеңілгеннен кейін қарыз дағдарысы белең алды. Осы және басқа да тақырыптарға арналған материалдарды 13 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Dow индексі S&P 500 және Nasdaq-тан едәуір артта қалып барады

АҚШ қор нарығындағы ралли біркелкі жүріп жатқан жоқ – Dow индексі S&P 500 және Nasdaq-тан айтарлықтай артта қалып барады дейді Market Watch. Сәрсенбіде S&P 500 индексі 0,85%-ға өсіп, Dow 0,09%-ға азайған. Rosenberg Research компаниясының негізін қалаған экономист Дэвид Розенбергтің айтуынша, аталған көрсеткіштер арасындағы осындай айырмашылыққа инвесторлар айтарлықтай алаңдап қалды.

Зерттеулерге сенсек, бір-бірінен осыншама алшақ көрсеткіштер өте сирек кездеседі. Dow Jones Market Data мәліметтері бойынша, 1982 жылдан бері мұндай жайт небары 77 рет болған екен. Розенберг атап өткендей, 2000 жылы «технологиялық көпіршік» жарылған кезде осы құбылыс 20 рет байқалған.

2024 жылы бұл құбылыс үш рет, былтыр төрт рет, ал 2022 жылы бес рет болған. Бұдан нарық қатты тарылып бара жатыр деген пайым жасаймыз.

Қазір Nvidia акцияларының бағасы құлдырай бастаса, S&P 500 үлкен соққыға ұшырайды дейді Apollo Global Management компаниясының бас экономисі Торстен Слок. 2024 жылы S&P 500-дің нарықтық капитализациясының 35%-ын Nvidia үлесі құраған. Сондықтан есеп беру кезеңі қарсаңында нарықтағы жағдай осал болып тұр. Раллиде топ бастап тұрған тараптардың барлық дерлік акциясы әділ бағаланды дегеннің өзінде, жағдай осындай.

JPMorgan Америка акциялары екінші жартыжылдықта қымбаттайды деп отыр

JPMorgan Chase & Co компаниясының активтерді басқару бөлімі сарапшыларының пікірінше, АҚШ қор нарығының жыл басындағы мықты көрсеткіштері 2024 жылдың екінші жартысында да сақталуы керек. Бұдан арғы өсім 2024 жылдың қаңтарынан бергі қарқынды өсімге қарағанда баяу, біртіндеп жүретін көрінеді деп хабарлайды Bloomberg.

Тұрақты табыс, Федералдық қор жүйесінің ақша-кредит саясатын қатаңдату науқанының аяқталуы және экономиканың нығаюы алдағы айларда америкалық акциялардың қымбаттауына септігін тигізбек делінген Дэвид Келли бастаған компания стратегиясына жауапты мамандар тобының жыл ортасына қарай жазған болжамында. Стратегия мамандары капитализациясы жоғары акцияларды сатып алған жөн дейді.

S&P 500-дің жылжымайтын мүліктен басқа барлық секторы 2024 жылдың басынан бері өскен. Bloomberg жинаған мәліметке сәйкес, өткен жылы бұл индекстің 11 секторының тек бесеуінде ғана оң көрсеткіш болған.

Болжам жасаудағы тәуекел факторларының бірі – жасанды интеллект, себебі нарықтағы жағдайға көңілі толып, болашаққа үлкен үміт артып отырғандар сол үмітті «бірен-саран фирманың ғана» қызметімен байланыстыруда, ал жаңа технологияны монетизациялау мерзімі белгісіз болып тұр деп жазады стратегия мамандары. Бұған қоса, экономикалық өсудің баяулауы америкалық компаниялардың пайдасына нұқсан келтіруі мүмкін.

Кеңселік жылжымайтын мүлікке қатысты АҚШ банктерінің тәуекелдерін әсірелеп жіберген

Market Watch ресурсы Janney Montgomery Scott компаниясының зерттеулерге жауапты директоры Кристофер Маринактың пікірін жариялады. АҚШ-тың коммерциялық банктерінің жұмысын саралаған бұл маман коммерциялық жылжымайтын мүлік саласындағы дағдарыстың ауқымы асыра бағаланған деген қорытындыға келді. Оның айтуынша, несиені қайтармайды деп нарықтағыларды үрейлендіріп жүргендер бір маңызды факторды ескермей отыр, ол – уақыт.

Маринактың айтуынша, активтері кемінде 50 млрд доллар болатын АҚШ-тың аймақтық банктері кеңселік жылжымайтын мүлікті кепілге алып, 360 миллиард доллар несие берген, яғни несиенің бұл түрі осы банктер берген несиелердің жалпы көлемінің (8,4 трлн доллар) 4,3%-ын құрайды (Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссияның деректері). Алайда несиелердің жалпы көлемінің осы аталған 4,3%-ы бір уақытта өтелмейді – несиені қайтару мерзімі бірнеше жылға ұзартылады.

Несие алуға қажет кепілзаттың, яғни кеңсе мүлкінің нарықтық құны едәуір арзандаса, кредитор бұл туралы несиені өтеу мерзімі келгеннен бұрын біледі. Осылайша банк бұл несие бойынша, оны ұзартпай тұрып, резервтер жасауға мүмкіндік алады. Банк тіпті кепілге қатысты қиындық туындаған жағдайда ағымдағы төлемдері бар несиені «аса маңызды» санатқа өткізіп, арнайы резервтерді құруға кіріседі. Осы ретте несиелердің әдетте кеңселік жылжымайтын мүліктің құнынан едәуір аз мөлшерде берілетінін айта кету керек. Кредитор осылайша алдын ала сақтана алады.

Janney Research (FIG Group) агенттігі дағдарыстан ең көп зардап шегуі ықтимал коммерциялық банктердің тізімін жариялады. New York Community Bancorp-тан басқасының бәрінің PPNR (резервтерді шегергенге дейінгі таза кіріс) деңгейі жеткілікті. Демек, бұлар «ең нашар» сценарийге сәйкес өрбитін жағдайда кеңселік несиелерге қатысты туындаған қосымша шығындарды жабуға қажет резервтер таба алады.

Инвесторлардың Францияның мемлекеттік облигацияларына деген қызығушылығы азайды

Билеуші партияның Еуропарламент сайлауындағы жеңілісінен кейін Францияның мемлекеттік облигацияларына деген сұраныс азайып барады деп жазады Bloomberg. Бұл бағалы қағаздардың неміс облигацияларымен салыстырғандағы табыстылығы өсіп, кейінгі жеті жылда ең жоғары деңгейге жетті. Бейсенбі, 13 маусымда Франция мен Германияның 10 жылдық облигациялары арасындағы спрэд 70 базалық пунктке барды.

Инвесторлар алдағы сайлауда Марин Ле Пеннің оңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясы жеңіске жетсе, елдің салық-бюджет саясатын біршама жеңілдетеді деп алаңдауда. Осы ретте президент Эммануэль Макронды қолдайтындар азайып, оның рейтингі 2018 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түскені айтылады.

Трейдерлер биліктегі партияның рейтингі одан әрі төмендейді деп отыр. Қысқа мерзімді позициялардың өсуінің белгілері бар. Ойыншылар француз облигацияларының табысы немістікіне қарағанда тез өседі деп бәс тігіп жатыр.

«Марин Ле Пеннің республикалық партиясы жеңсе, нарықтағы тараптар бюджеттік тәртіп бұзылып, Еуропалық комиссиямен текетірес бола ма деп алаңдауы мүмкін», — деді HSBC Holdings Plc компаниясының еуропалық мөлшерлемелер жөніндегі стратегі Крис Эттфилд.

Ле Пеннің 2022 жылғы президент сайлау науқанындағы салықтарды және зейнетке шығу жасын қысқарту жөніндегі жоспарын іске асыруға жылына 120 миллиард еуро жұмсау керек болатын еді, салдарынан елдегі дефицит көлемі жылына 100 миллиард долларға артатын еді деп есептейді Макронға жақын Institut Montaigne тәуелсіз талдау орталығы.

Францияның қор нарықтары қазірдің өзінде зардап шегіп отыр: CAC 40 индексі дүйсенбіден бері 2%-ға төмендеді, бұл – шамамен бір жылдағы ең нашар көрсеткіш шыққан апта. Бәрінен бұрын банк көрсеткіштері құлдыраған: Societe Generale SA 12%-ға, ал BNP Paribas SA бір апта ішінде 10%-ға төмендеген. Сарапшылар Франция Ұлыбритания мен оның бұрынғы премьер-министрі Лиз Трасстың кебін киюі мүмкін деген ескерту айтуда. Естеріңізде болса, Трасс ханым салықты азайтамын деген уәде беріп еді, салдарынан облигациялар жапа-тармағай сатылып, елде қарыз дағдарысы туындаған.

Сондай-ақ оқыңыз