Қазақстанда әйелдерді шектеп қояды – Эвересті бағындырған тұңғыш қазақ қызы альпинизмдегі қыздар жайлы

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақ альпинизміндегі қыздар саусақпен санарлықтай. Оның басты себебі қоғамдағы әйелдерге қатысты шектеулердің болуы. Бұл туралы «Курсивке» берген сұхбатында Эвересті бағындырған тұңғыш қазақ қызы Анар Борашева айтты.

«Қазақстанда әйелдерді шектеп қояды. Бала туу керек, отбасымен бірге болу керек. Бірақ әйелдер ерлермен қатар кез келген мамандықты иемденіп, кез келген саланы дамытуға мүмкіндігі бар. Менталитеттегі кейбір шектеулерге байланысты әйелдер альпинизмге аз келеді», – дейді альпинист.

Оның сөзінше,  қазіргі таңда жағдай өзгеріп, жыл сайын альпинист әйелдердің саны артып келеді.

«Кеңес үкіметі кезеңінде 5% ғана әйелдер болған шығар. Қазір көбейіп 10%-ға жетіп қалды. Жеке мен үшін бұл үлкен жетістік. Себебі болашақта менің қыздарым бұл салада өздерін сенімді сезінетін болады», – дейді Анар Борашева.

Бұдан бөлек, негізгі проблемалардың бірі қаржылық қиындықтарға да байланысты екенін атап өтті. Альпинистер демеуші іздеп, өз қаражаттарын жұмсауға мәжбүр.

«Мысалы, біздің экспедиция (Эвереске шығу экспедициясы – ред.) бір адамға 40 мың доллар болды. Бұған қоса, жабдықтар алу керек. Алдын ала дайындық процесі қымбат», – дейді альпинист. 

2024 жыл қазақ альпинизмі үшін маңызды белеске айналды. Тарихта тұңғыш рет тек қазақтардан құралған команда әлемнің ең биік шыңы Эвереске көтерілді. Kursiv Media KZ шыңға шығудың қызығы мен осы спорттың қиындығын Мақсұт Жұмаев, Анар Борашева және Альмир Қымбатбайұлымен талқылады.

Айта кетейік, қазақ қызы Анар Борашева Эверест шыңын бағындырды. Ол әлемдегі ең биік шыңға тұңғыш шыққан қазақ қызы болды. Спортшы-скайраннер Анар Борашева өз сапарын барша қазақ әйелдеріне және елдегі гендерлік теңдік мәселесіне көңіл аударуға арнады. Тарихта Эвересті 799 әйел бағындырды. Анар 800-ші әйел ретінде тіркелді. Альпинист қыздың әлемнің ең биік шыңын бағындыруға кететіні жайлы «Курсив» жазған болатын.  

Тағы бір қазақ әйелі Эвересті бағындырды. 23 мамырда Непал уақытымен 3:15-те Жәмилә Баширова таудың ең биік шыңына шыққан.

Сондай-ақ оқыңыз