«Слава Украине» деп ұрандатқан: Ресей соты Қазақстан азаматын 13 тәулікке қамады
Ресейдің Орал қаласында Қазақстан азаматын украиналық ұранды айтқаны үшін 13 тәулікке сотталды. Бұл жайлы Ресей басылымдары жазған.
Басылым хабарлауынша, Ресейдің Свердлов облысының Ревдинск қалалық соты полиция бөлімшесінде «Слава Украине» деп ұрандатқан Қазақстан азаматы Андрей Хохловқа 500 рубль көлемінде айыппұл салып, 13 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарған. Айыппұл ұсақ бұзақылық жасағаны, яғни балағат сөздер айтқаны үшін салынса, 13 тәулікті экстремистік ұйымның сәлемдесу атрибутын насихаттағаны үшін алған. Яғни, Ресей полициясы ер адамның бұл әрекетін экстермистік нышандарды, УНА-УНСО және «Правый сектор» атты экстермистік ұйымдарының сәлемдесу атрибутын насихаттау деп бағалаған.
«Маусымның 4-і күні Хохлов балағат сөздер айтқаны үшін көшеде ұсталды. Цветников көшесіндегі Ревдинский полиция бөлімінде ұсталған ол қауіпсіздік күштерінің көзінше «қолын бұлғап», «Слава Украине» деп айқайлай бастаған», – делінген сот қаулысында.
Ресей басылымдары Хохловтың толықтай кінәсін мойындап, өз әрекетіне өкініп отырғанын хабарлайды. Қазақстан сазаматы барлығын масаң күйде, білместіктен жасағанын айтқан.
Біз бұл ақпаратты нақтылау үшін Сыртқы істер министрлігіне сауал жіберіп қойдық.
Еске сала кетсек, сәуірде Ресейдің Қорған және Түмен облыстарында адыраспан шөбін тасымалдаған Қазақстанның екі азаматы ұсталды. Полиция қызметкерлері 17 сәуірде 51 жастағы әйелді анықтаған. Ол Ресейге Орталық Азия елдерінен кірген. Ал 24 сәуірде көрші мемлекеттің 37 жастағы азаматы басқарған DAF жүк көлігін тексеру кезінде 50 грамм адыраспан өсімдігі табылған. Бұл екі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.
Айта кетейік, Ресейде адыраспан шөбі – құрамында есірткісі бар, психотроптық заттар немесе олардың прекурсорлары бар өсімдіктер қатарына жатқызылған. Тыйым салынған шөпті тасымалдағаны немесе пайдаланғаны үшін 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Осыған орай Қазақстан Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға ескерту жариялады. Министрлік шетелге шығуды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына баратын елдің заңнамасын сақтауға шақырды.