Тоқаев Қорғаныс министріне Отарда жансақтау бөлімінде ессіз жатқан сарбаздың оқиғасын бақылауға алуды тапсырды

Жарияланды
Жамбыл облысы, Отар ауылында борышын өтеп жүрген сарбаз комаға түскен / Фото: kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Отар ауылында әскери борышын өтеуге келген сарбаздың комаға түсуіне байланысты анасы жариялаған үндеумен танысқан. Бұл жайлы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты. Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті»,- деп жазды Уәли өзінің фейсбуктегі парақашасында.

Президент сонымен бірге Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды.

Айта кетейік, жас сарбаз Нұржігіт Әбділпатта №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. Жасы 19-да. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Оның ата-анасы ұлына «әлімжеттік жасаған» деп күдіктенеді. Дәрігерлер сарбаздың денсаулығы нашар екенін айтқан.

Еске сала кетсек, наурызда журналистер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрлігінің өкілдерінен әскерде сарбаздар өлімі жиі тіркелетінін, әскерден жігіттердің мүгедек болып қайтып жатқан жағдайлар көп екенін айтты. Олардың денсаулығына кепілдік беру мәселесі қозғалды. Сонда Қорғаныс министрлігінің өкілі, полковник Фархат Айдарбаев әр азаматқа әскери дағдыларды үйренуіне, әскери техниканы меңгеруіне кепілдік беретінін, әскерде олар теріс бағытта тәрбиеленбейтінін айтқан болатын.

Ол сондай-ақ әскерде сарбаздардың өлімі жиі тіркелмейтінін, ондай оқиғалар бірлі-жарымды жағдайларда болатынын мәлімдеді.

«Сіз өлім жайлы айтып жатырсыз. Ондай жағдайлар сіз айтып отырғандай жиі болады деп айта алмаймыз. Иә, мұндай оқиғалар бірлі-жарымды жағдайларда болатыны, рас. Бірақ бұл оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдары таратып жіберетініне байланысты, көп тіркеліп жатқандай көрінеді. Ал, шын мәнінде, олай емес»,- деді министрлік өкілі.

Сондай-ақ оқыңыз