2023 жылдан бері сомасы 55 млн теңге болатын 1763 жалған банкнота анықталды – Қаржы мониторингі агенттігі

Жарияланды
Ұлттық валютада 1 378 200 теңгені құрайтын жалған банкнот анықталған / Фото: kursiv.media

2023 жылдан бері Қазақстан аумағында жалпы сомасы 55 млн теңгеден асатын 1763 жалған банкнот тәркіленген. Осыған байланысты Қаржы мониторингі агенттігі жалған шетел валютасын өткізу фактілерінің жиілеп кеткенін хабарлады.

Айналымнан алынған жалған банкноттың ішінде ұлттық валютада 1 378 200 теңге сомасына 384 купюра анықталса, АҚШ долларында сомасы 120 050 АҚШ долларына 1 342 купюра, 17 500 еуроны құрайтын 35 купюра, ресей рублімен – 10 000 рубль сомасына 2 купюра анықталған. Тәркіленген жалған банкноттардың жалпы сомасы 55 млн теңгеден асады.

«Демалыс маусымы қарсаңында азаматтар валюта айырбастау кезінде, әсіресе, шетелге шыққанда, қырағылық танытуы керек. Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болмау және қылмыстық қудалау орбитасына ілінбеу мақсатында, жақсы бағам бойынша айырбастауды ұсынса да бейтаныс адамдарға ақша айырбастамаңыз және валютаны «делдалдардан» сатып алмаңыз»,- деп ескертеді ҚМА.

Сондай-ақ ҚМА сауда-саттық жасау кезінде мұқият болуға және банкоматтан ақша алғанда, чектерін сақтауға кеңес береді. Агенттік қызметі қолма-қол ақша айналымымен байланысты азаматтар мен қаржылық мониторинг субъектілерін жалған банкноттар табылған жағдайда дереу ҚМА-ның аумақтық департаменттеріне жүгінуді ұсынады.

Агенттік таратқан статистикаға сәйкес 2024 жылдың басынан бері ел аумағында 13 жалған ақша жасау фактісі тіркелге. Ал 2023 жылы – 45 қылмыстық іс, 2022 жылы – 44 қылмыстық іс тіркелген.

Сонымен бірге ҚРҰБ жалған банкноттары мен монеталарын не шетел валютасын өткізу мақсатында дайындау немесе сақтау мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге (ауырлығына қарай) бас бостандығынан айыруға жазаланатыны жайлы хабардар етеді.

Сондай-ақ оқыңыз