Сарапшылар Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты Үкімет болжамымен келіспейді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Үкімет
Үкімет болжамы 6% болса, сарапшылар ЖІӨ өсімін 4,5%-дан 3,9%-ға дейін төмендетті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Жуырда ел Үкіметі 2025-2029 жылдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы болжамын жариялады. Құжатта 2024 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6% өседі деп көрсетілген. Алайда Halyk Finance талдау орталығының сарапшысы Ақбөбек Ахмедиярова аталған болжаммен келіспейтінін мәлімдеді.

Биыл, керісінше, экономикалық өсім көрсеткіші төмендейді

«Біз үкіметтің бұл оптимистік болжамымен мүлдем келіспейміз және қолда бар ақпаратқа сүйене отырып, болжамымызды 4,5%-дан 3,9%-ға дейін төмендетіп қайта қарадық. ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылдың қаңтар-сәуір және қаңтар-мамыр айларындағы ЖІӨ өсімі туралы мәліметтерді әзірге ұсынған жоқ. Бұл нақты талдауды қиындатады», – дейді маман.

Алайда негізгі капиталға инвестиция көлемінің жылдам төмендеуі байқалады. Сонымен қатар мұнай өндіру де азайған.

«Фискалдық белгісіздік және базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейі сияқты жағымсыз факторлар болжамды қайта қарауға итермеледі. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы маусымдағы есебінде үкімет 2024 жылға арналған жалпы ішкі өнімнің өсімін 6% деңгейінде болжаған. 2023 жылғы қыркүйекте бұл көрсеткіш 5,3%-ды құрады. Үкімет болжамның күрт өсуіне ешқандай түсініктеме берген жоқ», – деп атап өтті сарапшы.

ЖІӨ-ге керіс әсер ететін факторлар бар

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығының өсу болжамы ерекше таңғалдырып отыр. Себебі 2023 жылдың қыркүйегінде Үкімет 3,9% өсуді болжады. Ал қазір 11,6% динамиканы атап отыр. Бұл ретте тау-кен өнеркәсібінің өсу болжамы 4,7%-дан (қыркүйек айындағы болжам) 1,1%-ға (қазіргі болжам) айтарлықтай төмендеді.

Сондықтан Ақбөбек Ахмедиярованың пайымынша, ЖІӨ өсімі мен оның құрамдас бөліктерінің осы күрт қайта қаралуына дәлелді түсініктемелердің жоқтығы Үкімет болжамдарының шынайылығына күмән тудырады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылдың қаңтар-сәуір және қаңтар-мамыр айларындағы жалпы ішкі өнім бойынша деректерді әлі де ұсынбаған. Бұл экономикалық жағдайды объективті талдау мен болжауды қиындатады.

Қазіргі көрсеткіштердің өзі көңіл көншітпейді

Ұлттық статистика бюросы мәліметтері бойынша, 2024 жылдың басында қысқамерзімді экономикалық көрсеткіш 3,9%-ды құраса, кейін 3,7%-ға дейін төмендеген. 2024 жылдың 3 айында ЖІӨ нақты өсімі 3,7% құрады. Ал Үкімет бұған дейін оны 3,9% деп бағалаған.

«2024 жылдың сәуір және мамыр айларында Қазақстандағы экономикалық үрдістері алдыңғы кезеңдерге қарағанда алаңдатарлық нәтижелер көрсетіп отыр. Негізгі капиталға инвестициялар айтарлықтай төмендеген. 2024 жылдың қаңтарында 0,6% өскеннен кейін 2024 жылдың 3 айында 0,8% төмендеуі байқалды. Ол 2024 жылдың 4 айында жалғасты (-5,3%). Құрылыс индустриясының өсу қарқыны бәсеңдеуде. Олар 2024 жылдың 4 айында 12,2%-ды құрады, ал 2024 жылдың 5 айында 8,1% дейін төмендеді.

Мұнай өндіру бәсеңдеп, көлік саласы динамика көрсетті

Талдау орталығының маманы мұнай өндіру экономиканың осал тұсы болып қала беретінін айтады. 2024 жылдың 4 айында 0,8% құлдырау байқалған.

«Бұл мұнай өнеркәсібіндегі тоқыраудың жалғасуын көрсетеді. Ол жалпы экономикалық өсімге теріс әсер етеді», – дейді маман.

Көлік секторы оң динамика көрсетіп отыр: өсім 2024 жылдың 4 айында 7,8% және 2024 жылдың 5 айында 7,1% болды. Сауда және өнеркәсіп 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында қалыпты өсу қарқынын көрсетеді (тиісінше 2,3% және 3,2%). Дегенмен өнеркәсіпте негізгі өсім бастапқы өңдеу өнімдерімен қамтамасыз етілген: металлургиялық өндіріс жылдық 5,1%-ға өсті. Бұл ретте жеңіл өнеркәсіп 2024 жылдың 4 айында 0,3%-ға ғана өсім көрсетті. Басқа металл емес минералды өнімдер өндірісі 1,1%-ға өсті. Ал азық-түлік өндірісі 2%-ға төмендеді. Ауыл шаруашылығында шамалы өсу байқалады: 2024 жылдың 4 айында 1,7% және 2024 жылдың 5 айында 1,6%.

«Біз Қазақстанның 2024 жылға арналған экономикалық өсіміне қатысты болжамымызды қайта қарап, оны 3,9%-ға дейін төмендеттік», – деп қорытындылады сарапшы.

Еске сала кетсек, бұған дейін Halyk Finance 2030 жылға қарай мұнайға сұраныс айтарлықтай азаяды. Қазақстан экономикасын әртараптандыру шараларын күшейтуі қажет деп хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз