Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта іске қосылады деп уәде берді

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша айына 250-300 көлік рәсімделеді / Фото: shutterstock

Утиль алым мәселелері бойынша петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобы Алматыдағы зауыттарды аралады. Жиын барысында Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта іске қосылатынын айтты. Сонымен қатар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Елдің автопаркін қалай жаңартамыз?

Журналистер «Қазақстанда утиль алымына қандай да бір балама әлі де бар ма? Өйткені алым сомасына қарамастан, елдік автопаркі айтарлықтай жаңармай келеді» деп сұрады.

«Қараңызшы, біздің көлік паркі өте ескі. Себебі елде екі рет шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны болды. Басында, есіңізде болса, ішке кірген армян көліктеріне әр түрлі нөмір берілді. Оның ішінде, қателеспесем, 350 мыңнан астам көлік тіркелген. Оның 80%-дан астамы немесе 100%-ы 10 немесе 20 жылдан аса тізгінделген», – деді Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары.

Мамандар аталған алымдар ішкі нарықты қорғау, қолдау үшін енгізілгенін айтады

Шыңғыс Сүйінбаевтың айтуынша, бүгінде бүкіл әлемде сырт елден әкелінетін көліктер үшін баждар мен алымдар ұлғайтылып жатыр. Еуропада, АҚШ-та утиль алым болмағанымен, қытайлық көліктерге 40% және 100% салық енгізілген. Реседе 1 сәуірден бастап утиль алымы құнын көтерді. Көрші елде көрсеткіш 4 млн теңгеден асады. Осылайша әр ел өз нарығын қорғайды.

«Біз өз нарығымызды қорғауымыз керек. Бүгінгі күні автокомпоненттерді дамыту керек. Бұл автокомпоненттер автомобильдің құнына әсер етеді», – деді Сүйінбаев.

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта бағдарланады

Бұл ретте министрлік ескі көлікті тапсырып, сол арқылы жаңасын арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар қарастыра ма?

«Иә, қазір диллерлік орталықтар трейд-ин бағдарламаларын іске қосып жатыр. Акциялар да бар. Сондай-ақ 4%-дық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бар. Оған кезекке тұрып, банктерге хабарласуға болады. Енді оның талаптарын қайта қарасақ дейміз, себебі көп шағым түсіп жатыр. Оны банкте кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға қайта бағдарлау керек. Біз банктерге әсер ете алмаймыз. Бірақ қазір біз бұл бағдарламаны қарастырамыз. Бұл мәселені Сенат депутаттары да, Мәжіліс депутаттары да көтерді», – деп түйіндеді Шыңғыс Сүйінбаев.

Жоба аясында айына 250-300 көлік автонесиеге рәсімделеді.

Петиция аясындағы қоғамдық тыңдау 2 шілде өтеді

Бұл тұста Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков утиль алымын жою туралы петиция аясындағы қоғамдық тыңдау 2 шілде күні өтетінін мәлімдеді. Оған дейін жұмыс тобы Қостанай және Семей қалаларындағы автокөлік шығаратын зауыттарды аралауды жоспарлап отыр.

«Зауыттарға сапар – өндірістің бар-жоғын көрсету және белсенділердің айыптауларына жауап беру мақсатда ұйымдастырылды», – деді вице-министр.

Бастапқы тіркеу алымынан бас тарту елдің автокөлік паркіне кері ықпал ете ме?

Жиында Astana Motors компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев та утиль алымын алып тастауға қатысты петиция жайлы пікірін ортаға салды.

Оның пайымынша, утильді алып тастауды жақтаушылар бастапқы тіркеу алымынан да бас тартуды ұсынған. Алайда бұл көлік паркін жаңарту емес, қайта ескіртуге әкелуі мүмкін.

«Олар елдің көлік паркін жаңарту деген игі істің артына тығылады. Бірақ сонымен бірге олар Қазақстанда үш жылдан асқан ескі көліктерді әкелуге тыйым салатын бастапқы тіркеуді жоюға тырысуда. Бүгінгі күні 1-2 жыл тізгінделген көліктер үшін бастапқы тіркеу 923 теңге, 3 жыл өткен көліктер үшін 50 мың теңге, ал 4 жылдан асқан көліктер үшін миллион теңге. Бұл шектеу елге ескі көліктер әкелінбеу үшін жасалған», – деді Несіпбаев.

24 мамырда қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты петицияны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комиссия талқысына ұсынатыны мәлім болды. Құжатқа қол қойғандар саны 50 мыңға жеткен еді. Утиль алым мәселелері бойынша петицияны жақтаушылар жұмыс тобының отырысына қатысудан бас тартты.

Утилизация алымы – мемлекетке төленетін бір реттік төлем, ол келешекте көлікті утилизацияға жіберген кезде жұмсалуға тиіс қаржы. Қазақстанда көлікті елге алып келгенде төленетін утиль алым 2016 жылы 1 қаңтарда енгізілді. Кейін қоғам тарапынан сынға ұшырап, 2022 жылы қайта қаралды. Сол жылғы мамырда утиль алымның жаңа мөлшерлемелері жарияланды. Төлем 50%-ға азайды.

Сондай-ақ оқыңыз