Әділет органдары сот орындаушыларының қаулысын жою құқығына ие болуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Әділет органдарының рөлін күшейтетін заң бірінші оқылымда қаралды / Фото:  kursiv.media

Бұдан былай Әділет органдарына сот орындаушыларының қаулысын жою құқығы берілуі мүмкін. Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ аталған құжатты таныстырып, мақсатын түсіндірді.  Депутат  шығарылған сот шешімінің орындалуы неліктен бірнеше жылға дейін созылып кететінін айтты.

«Өткен жылы мемлекеттік органдарға қойылатын талаптардың қанағаттандырылуы 63%-ға жетті. Ұтылудың тұрақтылығы мемлекеттік органдардың әлі де сот практикасын ескере отырып, әкімшілік қызметтің біркелкілігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдамайтындығын көрсетеді. Сонымен қатар сот практикасы азаматтар мен бизнес тарапынан негізделген шағымдарды тудыратын жергілікті атқарушы органдардың жұмысында жүйелі бұзушылықтардың бар екендігін көрсетеді. Азаматтар жүгінген кезде әкімшілік рәсімдер жүргізілмейді», – деді Үнзила Шапақ.

Депутат әділет органдарына сот орындаушылар шығарған қаулыларды жоюға құқық беруді ұсынды.

«Жоғарғы соттың мәліметтері бойынша сот орындаушылары істердің 55%-дан астамында өздерінің заңсыз әрекеттері болғанын растауымен аяқталады. Сондықтан мұндай даулар бойынша әділет органдарының рөлін күшейтіп, оларға сот орындаушыларының қаулыларының күшін жою құқығын беру орынды деп санаймыз. Бұл атқарушылық іс жүргізуді жедел орындауға мүмкіндік береді», — деді Мәжіліс депутаты.

14-маусымда Парламенттің бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Заң жобасы негізінде судья кадрларының сапасын арттыруға және олардың сыртқы және ішкі тәуелсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалмақ. Сонымен бірге жүргізіліп жатқан бұл реформалардың негізгі мақсаты азаматтардың соттарға деген сенімін және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға көмектеседі деп күтілуде. Судьялардың сыртқы және ішкі тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы үшін парламентте арнайы комиссия құрылды.

Сондай-ақ, Қазақстанда судьялық қызметке іріктеу байқауының талаптары жеңілдеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз