Қытайлық автоөндірушілер еуропалық көліктерге 25% салық енгізуді талап етіп отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қытайлық автоөндірушілер аталған талапты 18 маусым күні жариялады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қытайлық автоөндірушілер ел билігінен қозғалтқышының көлемі үлкен еуропалық көліктердің импортына 25%-дық баж салығын енгізуді сұрады. Бұл туралы Reuters басылымы хабарлады.

Қытайлық автоөндірушілер аталған талапты 18 маусым күні Қытайдың Сауда министрлігінің өкілдерімен жабық кездесуі барысында айтқан. Мұны өндірушілер «Еуропалық Одаққа қытайлық электр көліктерінің импортына баж салығын енгізу туралы жоспарға жауап» деп атады.

Бұған дейін Еуропалық Одақ Қытайдың электр көліктеріне импорттық салықты көтеретінін хабарлады. Оған Қытай билігі автоөндірушілерге мемлекеттік субсидиялар береді деген күдік әсер етті. Өзгеріс шілде айынан бастап енгізілмек. Кейбір көліктер үшін баж салығы 48%-ға жетеді. Transport & Environment мәліметтері бойынша, 2023 жылы ЕО-да сатылған электр көліктерінің төрттен бірі Қытайда жасалған.

ҚХР мемлекеттік кеден басқармасының мәліметінше, 2023 жылы «аспан асты елі» шетелге 1,54 млн электромобиль экспорттады. Нәтижесінде 34,12 млрд доллар табыс тапқан. Осылайша алғаш рет Жапонияны басып озды. Қытайдың жаһандық электромобильдер экспортындағы үлесі 2018 жылғы 4,2%-дан былтыр 35%-ға жеткен.

Halyk Finance  талдау орталығының дерегінше, мұндай жетістіктер негізінен ҚХР үкіметі жүргізген саясаттың нәтижесі. Қытайда 30 жылда арзан тауарлар (киім, жиһаз, тұрмыстық техника) шамадан тыс өндіріліп, бұл елге айтарлықтай пайда әкелуді тоқтатты. Осылайша, электромобильдер өндірісі Қытай үкіметінің жоғары технологияны дамытуға және техникалық жағынан күрделірек, қымбат өнім шығаруға бағытталған жаңа стратегиясының бір бөлігі болғаны анық.

Автокөлік нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің дерегінше, бүгінде Қытай автонарығы тұралап тұр. Сондықтан Аспан асты елі билігі ішкі нарықта көлік саудасын ынталандыру, жаңа көліктер саудасын арттыру үшін ескі автолар экспортын арттырады.

Сондай-ақ оқыңыз