Әр баланың талантын ашу үшін: Оқу-ағарту министрлігі мен Freedom Holding Corp. білім беру өнімдерінің маркетплейсін әзірлемек
Қазақстанда білім беру өнімдерінің маркетплейсі әзірленеді. Оны Оқу-ағарту министрлігі Freedom Holding Corp.-тің қолдауымен жасамақ. Мұнда әрбір баланың талантын ашу үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады.
Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі мен Freedom Holding Corp. ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Оқу-ағарту министрлігі Freedom Holding Corp.-тің қолдауымен білім беру өнімдерінің маркетплейсін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Мұнда әрбір баланың талантын ашуға аралған жасанды интеллект құралдары қолданылады. Бұл балаларға ерте жастан бастап өз таланттарын дамытып, мамандық таңдауға, еліміздің адами капиталын дамытуға және мұғалім, бала мен ата-ана арасындағы коммуникацияны жақсартуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова.
Бұл бастама Президенттің бірыңғай онлайн білім беру платформасын әзірлеу тапсырмасын орындау үшін жүзеге асырылып жатыр.
Тараптар сонымен қатар ұлттық бірыңғай білім беру платформасы арқылы әрбір білім алушы үшін онлайн оқуды қолжетімді және сапалы етудің маңыздылығын талқылаған.
Одан бөлек, мектептерде платформаны ілгерілету мен дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, стейкхолдерлермен семинарлар мен конференциялар өткізу туралы келісімге келді.