OpenAI-дің жаңа стартап құрған тең құрылтайшысы «ақылы асқан қауіпсіз жүйе» жасаумен айналыспақ
OpenAI-дің бұрынғы жетекшісі Илья Суцкевер компания басшысы Сэм Альтманды қызметінен кетіру әрекетінен түк шықпаған соң, жеке стартап ашып жатыр / Nvidia-ның YouTube арнасы
OpenAI-дің тең құрылтайшысы әрі ChatGPT-ді әзірлеген бұрынғы бас ғылыми қызметкері Илья Суцкевер жасанды интеллект (ЖИ) саласында жаңа компания құратынын хабарлады. Safe Superintelligence атты стартаптың мақсаты – «қауіпсіз асқан ақыл» жасау.
Толығырақ
«Мен жаңа компания ашып жатырмын, – деп жазды Суцкевер 19 маусымда X әлеуметтік желісінде. – Біз бірден қауіпсіз супер ақыл құруға ұмтыламыз; мақсатымыз да, өніміміз де біреу».
CNBC-дің хабарлауынша, Суцкевер Safe Superintelligence (SSI) стартапын Apple-дің жасанды интеллект пен іздеу жүйелері саласындағы жұмысын қадағалаған Дэниел Гросс және бұрын OpenAI-де жұмыс істеген Дэниел Левимен бірге құрды. Компанияның Калифорния мен Тель-Авивте кеңселері бар.
«SSI (қауіпсіз суперинтеллект) – біздің миссиямыз, атымыз әрі өніміміздің тұтас жол картасы, өйткені бұл – біздің жалғыз мақсатымыз, – деген Суцкевер, Гросс және Леви бірлескен мәлімдемеде. – Біздің жалғыз мақсатқа мән беруіміз басқару шығындары немесе өнім шығару циклдері қалай болмақ деп алаңдамайтынымызды білдіреді, ал бизнес моделіміз қауіпсіздіктің, қорғану мен прогрестің қысқамерзімді коммерциялық қысымдардан оқшауланғанын аңғартады».
OpenAI-дан кетуі
Илья Суцкевер OpenAI директорлар кеңесі мүшелерінің бірі бола тұра, былтыр қараша айында компания басшысы Сэм Альтманды қызметінен кетіруге тырысқан. The Wall Street Journal мәліметі бойынша, Альтманды орнынан алу бастамасын Суцкевер көтерген. Бұл екеуінің арасында, WSJ дереккөздеріне сенсек, ЖИ қауіпсіздігі мәселесі бойынша келіспеушілік туындаған көрінеді. Суцкевер қазір адам жануарға қалай қараса, жасанды интеллект жүйелері де ақыр соңында адамға дәл солай қарайтын болады деп алаңдаған.
Кейінгі жылдары Суцкевер ЖИ қауіпсіздігіне ден қойып жүр. Ол OpenAI-да Superalignment тобын басқарған. Бұл топ OpenAI құрған жасанды интеллект жүйелерінің адамзатқа зиян тигізбеуін қамтамасыз етуге тырысқан.
Альтманның қызметіне қайта тағайындалуы алдында Суцкевер жұртшылық алдында кешірім сұрады. «Мен директорлар кеңесінің [осы] әрекетіне қатысқаныма қатты өкінемін, − деп жазды Суцкевер. − Ешқашан OpenAI-ға зиян тигізуді көздеген емеспін. Бірлесе атқарған жұмыстың барлығы мен үшін өте маңызды, қайтадан компанияның ауызбірлігін нығайтуға бар күшімді саламын».
Биыл мамырда Суцкевер OpenAI компаниясынан кететінін айтып мәлімдеме жасады. Өз кезегінде Альтман Суцкеверді қызметінде «адамзат болашағын жарқын етуге баса мән берген» азамат, «осы буынның ең көрнекті ақыл-ой иелерінің бірі, әріптестеріне жол сілтеуші әрі адал дос» деп атаған.
OpenAI-дің табысы
Microsoft 13 миллиард доллар инвестиция салған OpenAI компаниясы өзінің табысы туралы мәлімет жарияламайды. Bloomberg дереккөзіне сәйкес, өткен аптада Альтман қарамағындағы қызметкерлеріне стартаптың жылдық табысы 3,4 миллиард доллар болғанын хабарлаған. OpenAI-дың табысының басым бөлігі (шамамен 3,2 миллиард доллар) − өнімдер мен қызметтерден келеді. OpenAI сондай-ақ Microsoft Azure арқылы өзінің жасанды интеллект модельдерін пайдалануды ұсыну арқылы шамамен 200 миллион доллар табуды жоспарлап отыр. Биыл жыл басында OpenAI инвесторларға акцияларды сату мәмілесі аясында 86 миллиард долларға бағаланған. Тендерлік ұсынысты Thrive Capital қоры бастаған инвесторлар жасады. Бұл мәміле OpenAI қызметкерлеріне өз акцияларын сатуға мүмкіндік берді. Өткен жылдың басында стартап 29 миллиард долларға бағаланған болатын.