Астана әуежайындағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?

Жарияланды
Көлік вице-министрі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталатынына уәде берді / Архив: kursiv.media

Астана әуежайындағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталады? Бұл сұраққа Сенат кулуарында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров жауап берді. Оның айтуынша, елорданың әуе айлағына жаңа инвестор келген.

«Астана әуежайына жеке инвестор келгенін білесіздер. Бұл бүкіл әлем бойынша 15 әуежайға иелік ететін Abu Dhabi Ports. Халықаралық дәрежеде инвестордың деңгейі айтарлықтай жоғары», – деді Мақсат Қалиақпаров.

Оның айтуынша, шетелдік инвестор келгеннен кейін тексеру жүргізілген.

«Техникалық және қаржылық аудит жүргізілді. Осыдан кейін ол жерде ұшу-қону жолағын жөндеу қажет болды. Ал инвестор қазір өз қаражатына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл уақытша құбылыс, ол жақын арада аяқталады. Тиісінше, әуежай қалыпты режимде жұмыс істейді», – деді вице-министр.

Спикердің айтуынша, жөндеу жұмыстары уақытында аяқталады.

Еске сала кетсек, Астана әуежайында ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ұшу-қону жолағында жөндеу жұмыстары басталуына байланысты, Астана әуежайы 1 мамырдан түнгі рейстерді қабылдамайтыны белгілі болды. Жөндеу жұмыстарына байланысты ұшақтарды қабылдау сағат 22:00-ге дейін ғана іске асырылған. Кейінірек әуе айлағы түнгі рейстер қабылдауды қалпына келтіретінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз