Қазақстандық экс-полицей Киевте журналиске шабуыл жасады деген күдікке ілінді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Киевте Айдос Садықовқа екі Қазақстан азаматы шабуыл жасаған болуы мүмкін / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Киевте журналист Айдос Садықовқа оқ атты деген күдікке екі Қазақстан азаматы іліккен. Оның бірі полиция қызметкері болған. Ішкі істер министрлігі полицейдің 2019 жылы жұмыстан шыққанын хабарлады.

«Украинская правда» басылымы Украина полициясының бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме бермей отырғанын жазады.

Айдос Садықовтың жұбайы Наталья Садықова Украина полициясы шабуыл жасаған күдіктілерді анықтағанын хабарлады. Олар 33 жастағы Мейрам Қаратаев және 36 жастағы Алтай Жақанбаев есімді Қазақстан азаматтары. Садықованың жазуынша, күдіктілер 2 маусымда тапсырыс алып, сол уақыттан бастап Айдос Садықовты бақылап жүрген.

«Мейрам Қаратаев — Қостанай облысы ІІД қызметкері, ол қызметкерлер арасында оқ ату жарыстарында бірінші орын алып келген», – деп жазды Наталья Садықова. 

Қазақстан ІІМ Мейрам Қаратаевтың 2019 жылғы қаңтарда Ішкі істер органдарындағы жұмысынан босатылғанын, қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екендігін хабарлады.

«Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес істің барлық мән-жайларын анықтау бойынша тиісті жедел іс-шаралар жүргізудеміз. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі», – деп хабарлады ІІМ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді. Президент қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтты.

Украиналық РБК басылымының ақпаратына сүйенсек, 18 маусымда Киевтегі Шевченко ауданында белгісіз адам тұраққа қойылған автокөліктің жүргізушісіне, яғни қазақстандық белсенді, журналист Айдос Садықовқа белгісіз біреу оқ атқан. 

Айдос Садықов пен әйелі Наталья Садықова Киевте тұрады. Олар 2014 жылдан бері «Бәсе» Youtube-арнасын ашып, Қазақстандағы саяси оқиғаларға қатысты сыни видеолар жариялап жүрген. 

2023 жылы қазан айында Қазақстан ерлі-зайыпты Айдос және Наталья Садықовтарға іздеу жариялаған. 

Сондай-ақ оқыңыз