Мамырда әскерге кетіп, маусымда комаға түскен сарбаздың ата-анасы ашық сұхбат берді
2024 жылдың 15 мамырында әскерге кетіп, 9 маусымда комаға түскен қатардағы сарбаз Нұржігіт Асанұлы әлі күнге жансақтау бөлімінде жатыр. Өз еркімен әскерге кетіп, ауруханадан бір-ақ шыққан жауынгердің ата-анасы Massaget TV тілшісіне істің мән-жайын баяндап берді.
19 жастағы қостанайлық Нұржігіт Асанұлы 15 мамырда әскерге аттанып, Жамбыл облысы Отар ауылындағы N30212 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге кеткен.
«Нұржігітпен соңғы рет 5 маусымда сөйлестім. Ол кезде «мама, уайымдамаңыз, бәрі жақсы» деген. Кейін, 7 маусымда тілдеспек болып хабарласқанымызда, байланыс нашар болғандықтан, баламның «Алло, мама, мама…» дегенінен басқа ештеңе естімедім», – дейді Жанна Жаналина.
9 маусымда Нұржігіттің анасы Жанна Жаналинаға, әскери полиция қызметкері қоңырау шалып, баласының ЖРВИ диагнозымен әскери-медициналық орталыққа түскенін жеткізіп, қатты уайымдамауын сұрайды. Алайда артынша сарбаздың жағдайы нашар екені белгілі болады.
«9-ы күні, таңға жуық, әскери полиция қызметкері хабарласып, баламның ЖРВИ диагнозымен ауруханада жатқанын жеткізді. Еш алаңдамауымды, бәрі жақсы екенін айтты. Сол кезде ішім бір жамандықты сезгендей болып, баламды бейне қоңыраумен көрсетуді сұрадым. Әскери полиция қызметкері сонда «Қазір, командирге ескертейін. Балаңыз өзі сізбен байланысады» деп мені тыныштандырды», – дейді анасы Жанна Жаналина.
Жаннаға хабарласқан командир ұлының жағдайы ауыр екенін, қазір комада арнайы апаратқа қосылғанын жеткізіп, науқасқа қарап отырған дәрігердің нөмерін берген. Дәрігер Жанна Жаналинаға балаға ЖРВИ диагнозы қойылғанын, пациенттің екі өкпесі қабынғанын айтып, ата-анасының жедел Қордайға келуін сұраған.
Сарбаздың ата-анасы алғашқы қоңырау түскен күннің ертесінде Қордай ауданына барған. Ауруханаға жеткен пациент жақындарын дәрігерлер күтіп алып, баланың толық жағдайымен таныстырыпты. Кейінірек баласын көрген ата-ана, ұлының денесінен күдікті нәрсені байқаған.
Ауруханадан шыға сала уақыт жоғалтпай істің мән-жайын білу үшін баланың жақындары әскери бөлімшеге жол тартқан.
«Әскери бөлімшеге дейін әскери қызметкерлері алып жүрді. Бөлімшеде алдымыздан тергеуші шықты. Ол тергеу кезінде бірнеше фактілер анықталғанын жеткізді. Тергеушінің сөзінше, 6 маусым күні, сапқа тұру кезінде бір оқиға орын алған. Куәгерлер де бар екен», – дейді әкесі Тимур Жаналин.
Қордай ауруханасында медбикелер баладан сұрау алып жатқан кезде, сарбаз «мені кіші сержант соқты» деп жауап қатқан.
Сарбаздың ата-анасы істің әзірге тек Қылмыстық Кодексi 451-бап 1-тармақ «билікті асыра пайдалану» бойынша қаралып жатқанына наразы. Олар істі 106-бап «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бойынша да қаралу керек деп арызданған.
Ауыр халде түскен науқастың беті әлі бері қарамаған. Дәрігерлер сарбаздың ата-анасына қуантарлық жаңалық әзірге жоқ екендігін айтқан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Отар ауылында әскери борышын өтеуге келген сарбаздың комаға түсуіне байланысты анасы жариялаған үндеумен танысқан. Бұл жайлы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.