Телеком саласындағы инновация, желі салу және байланыс түйткілдері: сала сарапшылары қандай проблемаларға тоқталды?

Жарияланды
Телеком саласындағы түйіткелдер / shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, елімізде бекітілген байланыстың – 3,1 млн, мобилді байланыстың 25,6 млн абоненті бар. Біздің телеком-нарықта 20-ға жуық байланыс операторы бар. Олар түрлі деңгейдегі қалааралық және халықаралық телефон қызметін, интернетке қолжетімділікті, спутниктік жылжымалы байланысты ұсынады. Сонымен қатар 3 мобилді байланыс операторы жұмыс істейді. 3G, 4G және 5G технологияларының енгізілуімен ұялы байланыс абоненттері мобилді байланыс желісінің арқасында интернет желісіне көпжолақты қолжетімділік алды. Соған қарамастан елімізде байланыс және байланыс сапасы мәселесі әлі өткір тұр.

Мұның бәрі PROFIT Telecom Day 2024 конференциясында талқы болды. «Қазақстан ұлттық телекоммуникация қауымдастығы» президенті Асылбек Хайрушевтің айтуынша, ұялы байланыс абоненттері арасында интернеттің ену деңгейі 70%-ды құрады.

«Халықаралық электробайланыс одағының деректеріне сәйкес, еліміздегі мобильді интернеттің қолжетімділік деңгейі халық үшін 99 пайызға бағаланады, бекітілген байланыс деңгейі – 96 пайыз. Speedtest Global Index дерегіне сүйенсек, биыл ақпан айында елдегі бекітілген байланыстың жылдамдығы секундына 50,7 Мбит болған. Мобильді интернет жылдамдығы – секундына 35,71 Мбит. Бұл ретте Қазақстандағы мобильді интернет құны әлемдегі ең төмен интернеттің бірі саналады. Internet Accessibility Index мәліметі бойынша, республика төмен бағадағы мобильді интернет критерийі жөнінен 164 елдің арасынан 5-орын алған. Сонымен қатар көпжылдық динамиканы қарастыратын болсақ, халықтың барлық тұтынушылық шығындарындағы байланыс шығындарының үлесі жоғары емес. Жалпы ол 3-5 пайыз аралығында өзгеріп тұрады»,– дейді қауымдастық басшысы.

Қазақстанда мобильді интернет бағасы төмен

Сарапшылар біздегі мобильді интернет бағасы төмен деген пікірмен келісе отырып, өзіндік көзқарастарын да жеткізеді. Мәселен, конференцияға қатысушы қонақтардың бірінің айтуынша, азаматтар толыққанды байланысқа қолжеткізу үшін бір емес, бірнеше оператордың қызметін тұтынуға мәжбүр. Егер соның бәрін қосып есептейтін болсақ, онда қымбат құн өздігінен атойлап шыға келеді. Олар бұл факторды да естен шығармаған абзал екенін айтады.

Асылбек Хайрушев KazSat байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесі базасындағы спутниктік байланыстың даму деңгейі туралы да айтып өтті. Айтуынша, KazSat-2 спутнигінің ресурсы 2026 жылдың төртінші тоқсанына дейін ұзартылмақ. Сондай-ақ 2024-2029 жылдар аралығында операторларды KazSat-2-ден KazSat-3-ке ауыстыру және KazSat-3-ті алмастыру үшін KazSat-3R жобасын іске асыру жоспарланған.

«Қазақстанның ғарыш саласын дамыту тұжырымдамасында геостационарлық емес жерсеріктерді (StarLink, OneWeb) пайдалана отырып, байланыс технологияларын енгізу міндеттері атап өтілген. Қазір SpaceX интернеті тестілеу режимінде Ақмола, Қарағанды және Алматы облыстарының 10 ауылдық мектебінде іске қосылды. Ондағы жылдамдық секундына 200 Мбит-қа жетеді. Әр мектеп ай сайын шамамен 200 доллар төлейді, бірақ нақты шарттар әлі айтылмады»,– дейді.

Елдегі интернет-трафикпен алмасу нүктелерінің маңыздылығы

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Вадим Вьюшковтың айтуынша, еліміздегі интернет-трафикпен алмасу нүктелерінің бірқатар маңызды мақсаты бар. Атап айтқанда:

  • Қазақстандық операторлардың байланыс желісін қамтамасыз ету;
  • Ақпараттық қауіпсіздікті арттыру;
  • Ішкі интернет-ресурстар үшін интернет-трафик жіберу маршрутын қысқарту;
  • Олардың қолжетімділігін арттыру;
  • Қазақстан қалалары бойынша жүктемені бөлістіру;
  • Интернет-трафикпен алмасу нүктелеріне тікелей қосылу есебінен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін функциялаудың орнықтылығы мен сенімділігін жоғарылату.

Алмасу нүктелері өңірлік принцип бойынша тұрғызылмақ. Өткелдер 18 қалада орналасқан. Ірі төрт өткел Астана (18 оператор қосылған), Алматы (14 оператор), Қарағанды және Павлодар (әрбірінде 4 оператордан) қалаларында бар. Бұл ретте трафиктің басым бөлігі Алматыға тиесілі екенін де айта кетейік: секундына 183 Гбит (77,1 пайыз). Одан кейін Астана (секундына 48 Гбит – 20,2 пайыз), Қарағанды (секундына 5,7 Гбит) және Павлодар (секундына 8 Гбит) қалалары тұр.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, байланыс саласындағы заңнамада қайшылықтар бар.

«Нарық өсіп, ұлғайып келе жатыр. Бұл қалыпты жағдай және ол пайдаланушыларға ұсынылатын қызмет сапасына оң әсерін тигізеді. Соңғы уақытта біз телеком саласындағы заңнама бағыты бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені біз қазір пайдаланып жүрген заң айтарлықтай «қартайған» және оның бірқатар тармағы сала дамуынан артта қалып кеткен. Сондықтан дәл қазір телеком саласының заңнамалық базасын жаңғырту өте өзекті болып тұр. Қазір байланыс инфрақұрылымын салуды барынша жеңілдетуді, телеком-нарықтың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын барынша ыңғайлы етуді және оларды неғұрлым ашық қылуды, сондай-ақ нарықта пайда болатын әрбір оператордың инфрақұрылымға және тұтынушыға тең қолжетімділігі болуы үшін монополияландыру және монополиясыздандыру мәселелерін пысықтауды мақсат етіп отырмыз»,– деді депутат.

Телеком-компаниялардың трансформациясы

KPMG-дің Кавказ мен Орталық Азиядағы технологиялық кеңес беру бөлімінің менеджері Әсел Хамитова телеком-компаниялардың технологиялық компанияға ұласа бастағанына қатысты пікір білдірді.

«Қазіргі кезде телеком-компаниялардың трансформациясы туралы айту маңызды. Өйткені телекомдағы табыс құлдырап, шығын көбейіп жатыр, бұл ретте ескірген жабдықтар біршама шектеулер туғызады»,– дейді.

Оның айтуынша, дәстүрлі телеком-компаниялардың негізгі проблемасы қатарында мыналар бар:

  • Үлкен көлемдегі капиталдық шығындар (инфрақұрылым мен технологияға салынған инвестиция);
  • Білікті кадрлардың тапшылығы (мамандардың жаңа цифрлық технологиялардан хабарсыз болуы);
  • Интеграция түйткілі (үшінші тарап шешімдерін біріктірудегі қиындықтар);
  • Ескі жүйені пайдалану кезіндегі клиенттердің керемет нәрсені күтіп қалған көңілін қанағаттандыру қиындығы.

Fortinet маңызды тапсырыс берушілерімен жұмыс бойынша менеджер Арменак Аракелян нарықта білікті кадрлар жоқ деген пікірмен келіспейді.

«Тек олар қазіргі уақытта телеком-компаниялар ұсынатын жалақыға жұмыс істегісі келмейді. Мықты маман келеді, ал оған 200 мың теңге ұсынады. Яғни біз шетелдік компаниялардың миллион тұратын жобасын жасауға дайынбыз, бірақ жергілікті мамандарға ақша төлеуге дайын емеспіз. Сондықтан нарықта кадр тапшылығы бар деген сөз шындыққа жанаспайды»,– дейді ол.

Түйткілдерді тап осылай тізбектей беруге болады. Ол қазіргі уақытта әжептәуір қордаланып қалған. Ендігі кезекте компаниялар деректерге негізделген шешімдер қабылдауды көздейтін, клиентке және оның қажеттіліктеріне бағдарланған, икемділік пен масштабталу үшін бұлтты технологияларды пайдаланатын, сондай-ақ әртүрлі цифрлық қызмет портфелін қамтитын қажеттіліктермен «қарулануы» тиіс. Сарапшы телеком саласы осындай трансформацияға ұмтылғаны жөн деп отыр.

«Қазір біз онлайнда отырмаса болмайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Мен мегаполистің қақ ортасында, XXI ғасырда байланыс жоғалтып кетеді дегенді түсіне алмаймын. Секундына 300 Мбит жылдамдық болады деп уәде береді, шын мәнінде, жылдамдық 40-50 Мбит/секунд болады. Бұрынғы «кеңсе» деген ұғым қазір «байланыс» деген ұғымға өзгерді. Алыстан жұмыс істеу кезінде байланыстың тоқтап қалуын елестетудің өзі қиын. Сол себепті, біз қазір бүкіл сала күтіп отырған драматикалық өзгерістердің табалдырығында тұрмыз. Бұл бизнестің рентабельділігі төмендеп жатыр, соны түсінуіміз керек»,– деген пікір білдіреді Gartner Kazakhstan бас менеджері Саян Доржиев.

Салаға бәсекелестік жетіспейді

Elcos басшысы Қалилалло Байтасовтың пікірінше, елдегі идеалды телеком – нақты нарықтық бәсекелестікті құру.

«Нарықтық бәсеке жағдайында нарықтың өзі ақ қай телеком мықты екенін көрсетіп береді. Алайда бізде қазір ахуал мынадай – елдегі телекомдардың 60 пайызы мемлекеттік секторға тиесілі және шамамен 40 пайызы – Ресейдің мемлекеттік секторына тиесілі. Сол себепті, нарық және нарықтық бәсекелестік жайлы айту қиындау. Бұл ретте инфрақұрылымның 90 пайызы радиорелейкада тұр, оптика тек ірі қалаларда ғана бар», – дейді.

Халықаралық консультант Александр Гревцев біз құрылыс нормасы мен ережесін өзгертуіміз керек деп есептейді.

«Қазіргі жағдайда біз Алматыдан 20 шақырым қашықтықта 5G сала алмаймыз. Тіпті Алматыдан он шақырым ұзап шықсаң болды, 4G жұмыс істемей қалады. Қазір әрқайсымызда екі-екіден SIM-карта бар, өйткені біреуінде байланыс жоғалғанда екіншісіне ауысып, амалдауға тура келеді. Негізі олай болмауы керек»,– дейді сарапшы.

«Қазақстан Темір Жолы» жанындағы интермодальды жолаушылар тасымалы қауымдастығының директоры Диас Қадыров саладағы жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндігіне қатысты ойын айтты.

«Қазір жасанды интеллек туралы өте көп айтылады, алайда оны, шын өмірде, қалай қолдану қажет екені жайлы аз сөз болады. Теміржол ЖИ қолдану – ең қызықты кейстердің бірі, өйткені теміржол қашықтық, вагон және локомотив саны тұрғысынан шектеулі сандардан тұрады. Бұл ретте ЖИ вагондар мен жүктер қозғалысын оңтайландыру үшін қолданылады. Әдетте бұл диспетчерлер үшін үлкен тәуекел – олар байланыс бағдарламасы арқылы бүкіл қозғалысты дұрыс ұйымдастыруы қажет. Ал ЖИ болса жол бойындағы түрлі қозғалыс пен процестерді адамнан да тиімдірек басқаруы мүмкін»,– дейді ол.

Қазақстан интернет қауымдастығының басшысы Шавкат Сабиров осыдан біраз уақыт бұрын елдегі мобильді интернет деңгейін бағалау үшін алдымен байланыс сапасын бағалайтын объективті қоғамдық мемлекеттік емес тәсіл қажет деген еді.

«Қытайлық мобильді операторлар біраз уақыттан бері 5G ұсынып келе жатыр. Бүкіл желідегі қоңыраулар үшін 2 500 теңгеге 256 ГБ трафик пен мың минут береді. Ал бізде 5-6 мың теңгеге аз гигабайт пен 60 минут ғана ұсынылады. Мобильді операторлар өздерінің жарғылық міндетін, яғни абонентке сапалы байланыс қызметін ұсынуды ұмыта бастады. Оның орнына олар ақша табуға кірісті: төлем сервистерін іске қосады, интернет-телевидениемен айналысады, ойын-сауықтық қосымшалар жасайды. Әрине, мұның жаман түгі де жоқ, тек соның бәрін тұтынушы жоғары сападағы, жылдамдығы жоғары интернетпен алуы керек. Алдымызда инфрақұрылымды дамыту, құрылғыларды жаңарту, жаңасын сатып алу, клиентке тиімді тарифтік жоспар құру міндеттері тұр», – дейді.

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, елдегі абоненттердің 70 пайызы ғана интернетке қолжеткізіп отыр. Былтыр қызмет көлемі 7,1 пайызға, 1,2 трлн теңгеге ұлғайған. Соның ішінде, интернет үшін ел тұрғындары 556 млрд теңге төлеген. Мобильді байланыс қызметі үшін – 259 млрд, басқа да телеком қызметтер үшін – 247 млрд теңге.

Сондай-ақ оқыңыз