Нығматулиндер мен Назарбаев дәуіріндегі басқа да олигархтардың мәселесіне қайта ораламыз – Ермұрат Бәпи
Депутат Ермұрат Бәпи ағайынды Нығматуллиндер – Нұрлан мен Ерланға, сондай-ақ «Назарбаев дәуіріндегі» басқа да олигархтарға қатысты қылмыстық істі қозғауға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әзірге тергеуді бастауға заңды негіз жоқ немесе белгілі бір келісім бар.
«Менің ойымша, бірдеңені (ред-тергеу) бастауға мұндай мүмкіндік немесе заңды негіз жоқ. Бірақ, екінші жағынан, Ескі және жаңа Қазақстан арасында қандайда бір келісімдер бар деп есептеймін. Менің ойымша, бұл мәселенің де өз кезегі болады, біз Нығматулиндер мен Назарбаев кезеңіндегі басқа да олигархтардың мәселесіне қайта ораламыз», – деді Бәпи Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.
Депутаттың пайымынша, мемлекет қоғамда шиеленіс тудырып алмас үшін оларға қатысты әлі ешқандай әрекет жасамай отыр.
«Қоғамда наразылық өршіп кетпес үшін әзірге бұдан бас тарта тұруға тура келеді. Менің ойымша, қазіргі саясат осындай», – деді ол.
Айта кетейік, Нұрлан Нығматулин қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылғы 1 ақпанда Мәжіліс спикері қызметінен кетті. Ол 2016 жылдан бері парламенттің төменгі палатасын басқарды. Бұл оның екінші төрағалығы болды – бұған дейін ол 2012-2014 жылдары Мәжіліс спикері болды. Әр жылдары ол Президент әкімшілігін басқарды және Қарағанды облысының әкімі болды. Ерлан Нығматулин – Нұрлан Нығматуллинің егіз інісі. Ол Мәжілістің де, Сенаттың да депутаты болған.
Еске салсақ, мемлекетке опасыздық жасады және билікті басып алмақ болды деген айыппен сотталған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов Президенттен кешірім сұрап хат жазған болатын. Кәрім Мәсімов рақымшылық жасау туралы өтініш берген. Қазіргі уақытта ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шешімімен Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отыр.