Астана әкімдігі өртенген Rixos Khan Shatyr Residences тұрғын үй кешенін бюджет есебінен жөндемейді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Астана әкімдігі тұрғын үй кешенін бюджет есебінен жөндемейді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Астана әкімдігі өртенген Rixos Khan Shatyr Residences тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің қасбетін қалпына келтіру және жөндеу үшін бюджет қаражатын жұмсаудан бас тартты. Әкімдік жанынан құрылған комиссия тек ұйымдастыру мәселелерімен айналысады.

«Зардап шеккен пәтерлер мен ғимараттың қасбетін жөндеу бюджет есебінен жүргізілмейді. Комиссия ғимаратты одан әрі пайдалануға байланысты техникалық мәселелерді қарайды. Бұл үйде өрт шыққанын ескерсек, қала әкімдігі ұйымдастырушылық мәселелер бойынша көмек көрсетеді», – делінген елорда әкімдігінің хабарламасында.

Тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірі / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

23 маусым күні Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Тұран даңғылы бойындағы үйде өрт шығып, соның салдарынан пәтері бүлінген тұрғындармен кездесті.

«Мамандар техникалық қорытындыны берген соң қасбетті қалпына келтіруге және бұзылған пәтерлерді жөндеуге дереу кірісеміз. Өрттің себебін қалалық төтенше жағдайлар департаменті анықтап жатыр», — деді Жеңіс Қасымбек.

22 маусымда Астанада «Хан Шатыр» маңындағы «Rixos Khan Shatyr Residences» тұрғын үй кешені өртенді. Үйдің 2-қабатынан бастап 26-қабатқа дейінгі қабырғаның сыртындағы қаптама отқа оранды. Өрт сол күні сөндірілді.

ТЖМ мәліметі бойынша үйдің ауданы 260 шаршы метр бөлігін жалын шарпыды. Өрт сөндірушілер 12 тұрғынды эвакуациялады. Оған қоса өрт кезінде екі адамды құтқарды. Оқиға орнында 20 техника, 91 құтқарушы жұмыс істеді.

Сондай-ақ оқыңыз