Еуропалық Одақ Ресейден газ транзитіне шектеу енгізді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Еуропалық Одақ (ЕО) Ресейге қарсы энергетика, қаржы және сауда секторларына бағытталған 14-ші санкциялар пакетін қабылдады.
Еуропалық Одақ Ресейге қарсы 14-ші санкциялар пакетін қабылдады / Фото: shutterstock пен freepik

Еуропалық Одақ (ЕО) Ресейге қарсы энергетика, қаржы және сауда секторларына бағытталған 14-ші санкциялар пакетін қабылдады. Бұл туралы ЕО кеңесінің ресми сайтында хабарланды.

«Пакет тағы 116 жеке және заңды тұлғаға қатысты шектеу шараларын қамтиды», – делінген хабарламада.

Еуропалық Одақ Ресейден сұйытылған табиғи газды Еуропа порттары арқылы тасымалдауға шектеулер енгізді. ЕО кеңесінің хабарлауынша, бұл шаралар Ресейдің шикізат саудасы мен тасымалдаудан түсетін кірісін азайтуға бағытталған. Шектеулер бір кемеден екіншісіне ауыстырып тиеуді де, кемеден жағаға ауыстырып тиеуді де қамтиды. Бұл шектеулер тек ЕО арқылы үшінші елдерге қайта экспорттауға қатысты. Олар импортқа қолданылмайды.

ЕО сонымен қатар сұйытылған табиғи газдың жобаларын аяқтау үшін инвестицияларға, тауарларды, технологияларды және қызметтерді ұсынуға тыйым салды. Олардың ішінде Арктикалық СТГ-2 және Мурманск СТГ бар. Сондай-ақ табиғи газ жүйесіне қосылмаған ЕО терминалдары арқылы ресейлік газды импорттауға да шектеулер қойылған.

Жаңа санкциялар пакеті ЕО компанияларын үшінші елдердегі еншілес компанияларының Ресейге қарсы шектеулерді айналып өтпеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ол сондай-ақ қару сататын компанияларды Ресейге тауарларды реэкспорттау тәуекелдерін анықтайтын және бағалайтын тиісті тексеру тетіктерін енгізуді міндеттеді.

Еске сала кетсек, жыл басында Еуропалық Одақ Ресеймен жұмыс істеген қазақстандық компанияларға санкция салды.

Кейін Еуропалық Одақтың Санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О’ Салливан Қазақстан ЕО-ның қайталама санкцияларына ұшырамайды деп мәлімдеді.

Сонымен бірге халықаралық арнайы өкіл Еуро Одақтың Ресейге қатысты жаңа санкциялар пакетін дайындап жатқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз