Қазақстан бие сүтін БАӘ-ге эскпорттауда, Қытай елінен де сұраныс артты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Биенің сүті Қытайға да сатылуы мүмкін / Фото: архив kursiv.media

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне өңделген бие сүтін экспорттап отыр. Ұлттық өнімге деген сұраныс Қытай елі тарапынан да артып келеді. Бірақ елімізде бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінбей келеді. Осылай деген Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай бие сүтін өңдейтін зауыт салу мәселесін көтерді.

Депутат төрт түліктің төресі жылқының бағасы доңыздан төмен екенін айтады.

«Бізде, өкінішке қарай, бүгінгі таңда төрт түліктің төресі жылқының бағасы доңыздан  төмен, ал жылқының сүті ешқандай бағалаусыз-бағасыз болып бара жатыр. Біз біле білсек, осы жылқы сүтінің өзін өндіру арқылы қазақ халқының ұлттық брендіне айналдыруға мүмкіншілігіміз бар. Молодежныйдағы шағын зауытты қоспағанда бірде-бір жылқы сүтін өңдейтін зауыт жоқ. Осы жылқы сүтін өңдейтін зауыт салу  жоспарларыңызда бар ма?»,- деп сұрады депутат.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, жылқы шаруашылығымен айналысатын азаматтар  өңделген бие сүтін шет мелмекеттерге эспорттауға дайын. Алайда саумалды өткізуде бірқатар шектеу шаралары кедергі болуда.

«Қарағанды облысында саумал өндірісі бар. Өткен аптада ол жақты аралап, шаруалармен кездестім. Мұндай іспен айналысып жатқан азаматтар әр облыста бар.  Саумалды өткізу проблемасы бар екен. Олар Еуропаға өте алмай отырмыз дейді. Сұраныс жағына келсек, Қытайға өткізуге сұрап отыр. Сосын  БАӘ-ге жіберіп жатырмыз. Ол жерде құлындарға тамақ ретінде де береді екен. Сондықтан қазір Қытайға шектеуді алып тастадық. Енді қазір реестрге кіргізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселе шешілсе, Қарағандыдан бастаймыз», – деді министр Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Министр бие сүтін өңдейтін зауыт салуға ниет танытқан шаруалардың қатары көп екенін айтады. Тек сұраныстың болуы маңызды. Ведомство басшысының мәлімдеуінше биыл елімізде жылқының басы 4 миллионға көбейген.

Айта кетейік, Қазақстанда қымыз 2023 жыл ішінде қымыз өндірісі 236 тоннаға артып, шұбат өндірісі 61 тоннаға кеміген. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, өткен жылдың 12 айында қымыз өндірісі 10,6% өсіп, 2 463 тоннаға жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 236 тоннаға артық. 

Алайда елде шұбат өндірісі 2% төмендеп, 3003 тоннаны құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 61 тоннаға аз.

Сондай-ақ оқыңыз