Қазақстан мұнай экспортының Ресей арқылы өтетін бағытына тым тәуелді – Fitch Ratings агенттігі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресейге
Мұнай экспортында Ресейге тәуелділік жоғары болып тұр. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан алдағы жылдары мұнай экспортында Ресейге тәуелділігін сақтап қалады деп болжайды. Бұл туралы агенттік «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының» ұзақмерзімді дефолт рейтингін «BBB» деңгейінде растаған мәлімдемесінде жазады.

«ҚазМұнайГаздың» рейтингі оның түпкі акционері – Қазақстанның егемен рейтингімен теңестірілген (BBB/ Болжам – Тұрақты).

«Қазақстаннан теңізге шығар жол болмағандықтан, 2023 жылы ел мұнайының басым бөлігі Ресей арқылы экспортталды. Қазақстан мұнайының шағын бір бөлігін Қазақстан-Қытай құбыры арқылы, Әзербайжан, Грузия және Түркияға теңіз немесе теміржол арқылы экспорттай алады. Дегенмен, бұл бағыттар айтарлықтай қымбат және қосымша инфрақұрылымдық инвестицияны қажет етуі мүмкін. Қазақстан Ресей арқылы мұнайды экспорттауын жалғастыра береді деп есептейміз. Біз экспорттық ағындардағы айтарлықтай саяси астарлы үзіліс болмайды деп болжаймыз», – делінген мәлімдемеде.

Fitch ҚМГ-ның BB тиімділік деңгейі мұнай экспортының Ресей арқылы өтетін бағыттарына тым тәуелді және басқа бағыттардың аздығымен шектелетінін атап өтеді. Қалыпты жұмыс ауқымы, жеткілікті мұнай қоры және тұрақты болжамды өндіріс компания табысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаздың» мұнай өндіру және өндіру бойынша операциялық шығындары төмен. Дегенмен ақша ағынының қалыптасуына жоғары салық пен ішкі нарықтағы бағаның төмендігі әсер етеді.

«ҚазМұнайГаз» 2023 жылы 23,5 мл тонна мұнай мен газ конденсатын өндірген. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,9 пайызға артық. Жалпы ҚМГ былтыр көмірсутек өндіру, тасымалдау және сату көрсеткішін арттырған. Ал ілеспе және табиғи газ өндіру көлемі (кері айдау көлеміне дейін) 14,8%-ға артып, 9,46 млрд текше метрді құраған.

Тәуелсіз аудиторлардың бағалауынша, қазіргі кезде ҚМГ көмірсутектерінің дәлелденген және ықтимал қоры 733 млн тоннаға тең, 2022 жылмен салыстырғанда барланған қор деңгейі 3,7%-ға өсті.

2023 жылы ҚМГ магистральды құбырлар мен теңіз арқылы 80,3 млн тонна мұнай тасымалдаған болатын. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, мұнай тасымалы 7,6%-ға артқан. Бұл ретте магистральды құбырлар арқылы 69,5 млн тонна мұнай жөнелтілген. Ал теңіз арқылы 10,7 млм тонна қара алтын тасымалданған.

Fitch ҚМГ-ның үкіметтің энергетика саласындағы стратегиясында маңызды рөл иеленетінін атап өтеді.

«Біз ҚМГ ҰК-ның «шешім қабылдау және қадағалауы» үкіметтің бақылауы және ҚМГ ҰК-ның үкіметтің энергетикалық саясатын жүзеге асырудағы рөліне байланысты «мықты» деп санаймыз. Мемлекет халықаралық IPO арқылы еркін айналымда жқрген акцияларын қазіргі 3%-дан арттыруды жоспарлап отырғанымен, үкімет бұл топпен берік байланысын сақтайды деп сенеміз», – деп жазады агенттік сарапшылары.

Агенттік ҚМГ еншілес компаниялары орташа дивиденд төлейді деп болжайды. 2024-2027 жылдары орташа есеппен жылына шамамен 380 млрд теңгені құрауы ықтимал.

КҚК құбыры – қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты

КҚК құбыры Батыс Қазақстан мен Каспий қайраңындағы ресейлік кен орындарын Новороссийскідегі теңіз терминалымен байланыстырады. Оның ұзындығы – 1511 км. Каспий құбыр консорциумы – қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты.

КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағында энергетика саласындағы шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі. Бұл бағдармен Қазақстанның экспортқа шығарылатын мұнайының үштен екісінен астамы, сондай-ақ ресейлік, соның ішінде Каспийдегі кен орындарынан алынатын шикізат тасымалданады.

КҚК теңіз терминалы үш шығарылатын айлақ құрылғысымен (ШАҚ) жабдықталған. Олар танкерлерді жағадан айтарлықтай алшақта қолайсыз метео жағдайда да қауіпсіз тиеуге мүмкіндік береді.

Каспий құбыр консорциумы былтыр 56,052 миллион тонна қазақ мұнайын жөнелткен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 52,2 миллион тоннаны құрады.

2023 жылы КҚК құбыр жүйесімен мұнайдың басым бөлігі Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан жөнелтілді. 2024 жылға қарай КҚК-ның өткізу мүмкіндігін жылына 80 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз