Micron табысы және АҚШ-тағы инфляция: осы аптада инвесторлар неге көңіл бөлуі керек?

Жарияланды
27 маусымда қор нарығы АҚШ президенттігіне үміткерлердің пікірсайысын бақылайды / Morry Gash / Pool via Reuters

Осы аптаның қалт жібермей қадағалайтын басты жаңалықтары: АҚШ-тағы жеке тұтыну шығындары туралы жаңа деректер және ірі корпорациялардың табысы туралы бірнеше есеп жарияланады деп жазады Barron’s.

Carnival және FedEx компаниялары сейсенбі, 25 маусымда, тоқсандық қаржы есебін жариялайды. Сәрсенбі, 26 маусымда, Micron Technology және General Mills компаниялары кірістері туралы есеп бермек, ал Nvidia акционерлердің жылдық жиналысын өткізбек. Nike, McCormick және Walgreens Boots Alliance компаниялары қаржы есебін бейсенбі, 27 маусымда жариялайды.

Жұма, 28 маусымда Экономикалық талдау бюросы (BEA) мамыр айындағы АҚШ-тағы жеке тұтыну шығындарының (PCE) баға индексін жариялайды. Осы аптада АҚШ-та жарық көретін басқа да маңызды макроэкономикалық жарияланымдар мыналар: Conference Board тұтынушылар сенімі индексі сейсенбі, 25 маусымда шығады, Халық санағы бюросының ұзақмерзім пайдаланылатын тауарлар туралы есебі бейсенбі, 27 маусымда жарияланады, сондай-ақ тұрғын үй нарығындағы жағдайды аңғартатын түрлі индикатор да белгілі болады. Бұған қоса, бейсенбі, 27 маусымда биылғы жылдың басты саяси телешоуы – АҚШ президенттігіне үміткерлер – Джо Байден мен Дональд Трамптың арасындағы пікірталас басталады. Пікірталасты көретін трейдерлердің реакциясы да қызық болмақ.

Еуропаның назары саяси ахуал мен француз активтеріндегі өзгерістерге ауған деп жазады The Wall Street Journal. Инвесторлардың Франциядағы кезектен тыс сайлау нәтижесінде билікке ультра оңшыл популистер келе ме деп мазасы кетіп отыр. Сонымен қатар Швеция, Чехия және Түркиядағы өкілетті тараптар пайыздық мөлшерлемелерге қатысты шешім шығаруға тиіс.

Азиядағы басты жаңалықтар: Жапонияның экономикалық даму көрсеткіштері мен Қытайда сатып алу менеджерлерінің іскерлік белсенділігі (PMI) туралы деректер жарияланбақ.

Дүйсенбі, 24 маусымда Жапония банкі реттеуші орган басшылығы мүшелерінің маусым айындағы отырыста айтқан пікірлерінің қысқаша мазмұнын жариялайды. Сол отырыста Орталық банк мөлшерлемелерді бұрынғы деңгейде сақтап, Жапония мемлекеттік облигацияларын сатып алуды азайтуды ұйғарған.

Сейсенбі, 25 маусымда Carnival және FedEx өткен тоқсандағы табысы туралы есеп береді.

Conference Board маусым айындағы АҚШ-тың тұтынушылар сенімі индексін жариялайды. Консенсустық баға – 102,5. Бұл мамыр айындағыдан сәл жоғары. Тұрғын үй саласын қаржыландыратын федералдық агенттік (FHFA) сәуір айындағы тұрғын үй бағаларының индексін жариялайды. FHFA мәліметіне сай, бірінші тоқсанда АҚШ-тағы тұрғын үй бағасы жылдық мәнде 6,6%-ға, ал тоқсандық мәнде 1,1%-ға өскен.

Сәрсенбі, 26 маусымда General Mills, Jefferies Financial Group, Levi Strauss, Micron Technology және Paychex компаниялары тоқсандық қаржы есебін жариялайды.

Nvidia акционерлердің жылдық жиналысын өткізеді. Бұл компания осы айда жасанды интеллект саласына қызығушылықтың артуы арқасында әлемдегі ең қымбат жария компания атанды.

Бейсенбі, 27 маусымда McCormick, Nike және Walgreens Boots Alliance өткен тоқсанның қаржы есебін инвесторлармен бірге талқылайды.

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден мен бұрынғы президенті Дональд Трамп сайлау алдындағы пікірталас өткізеді. Іс шара 90 минутқа созылады. Үміткерлер жас емес: Байден 81 жаста, ал Трамп 78 жасқа толды. «Біраз үзіліс болатын сияқты, − дейді The Street. – Соны көріп, артынша нарықтағы реакцияны байқаңыз».

Экономикалық талдау бюросы АҚШ-тың бірінші тоқсандағы ЖІӨ өсуінің үшінші әрі соңғы бағалауын жарияламақ. Сарапшылардың пікірінше, бұл ведомство әлемдегі ең ірі экономиканың тоқсандық өсімін бұрынғы 1,3% деңгейінде сақтамақ.

АҚШ Ұлттық риэлторлар қауымдастығы мамыр айындағы аяқталмаған сатылымдар индексін (PHSI) жариялайды. Бұл − жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділіктің жетекші индикаторы. Осы реттегі күткеннен де жоғары көрсеткіштерді доллар үшін оң фактор деп қарастырады. Экономистер сәуір айындағы 7,7%-дық төмендеуден кейін индекс айлық мәнде орташа есеппен 2,3%-ға өседі деп болжап отыр.

Жұма, 28 маусымда АҚШ-тың Экономикалық талдау бюросы елдегі мамыр айындағы жеке тұтыну шығындарының (PCE) баға индексін жариялайды. Уолл-стриттің бағалауы бойынша, өткен айдың көрсеткіші жылдық мәнде 2,6% болады. Азық-түлік пен энергия тасымалдаушылар бағаларын есептемегендегі негізгі Core PCE индексі (ФРЖ үшін инфляцияның негізгі көрсеткіші) 2,6% болуы керек, сәуірде 2,8% болған.

Сондай-ақ оқыңыз