WSJ: Apple жасанды интеллект саласындағы көптен бергі бәсекелесі – Meta компаниясымен серіктестік құру мәселесін талқылап жатыр
Apple компаниясы жасанды интеллект (ЖИ) нарығында бәсекелестерін қуып жету мақсатында Meta-мен келіссөздер жүргізу үстінде деп жазады The Wall Street Journal. Екі компанияның қарым-қатынасы шиеленіскеніне он жылдан астам уақыт болғанына қарамастан, екі технологиялық алпауыт ЖИ төңірегіндегі дүрбелеңді ескере келе, өзара одақ құруға мәжбүр болып отырған көрінеді.
Толығырақ
WSJ мәліметінше, Apple өкілдері мен Meta Platforms компаниясы арасында iPhone және басқа да құрылғыларға арналған жаңа Apple Intelligence ЖИ қызметтері жүйесіне Llama нейрондық желісін интеграциялау мүмкіндігі жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Келіссөздер әлі аяқталған жоқ, олар тіпті ойдағыдай жүрмей, бұзылуы да мүмкін. Алайда өзара араз Apple мен Meta бір мәмілеге келіп, серіктес атана қалса, бұл айтарлықтай маңызды жайт болар еді.
Apple мен Meta арасындағы қарым-қатынастың шиеленіскеніне он жылдан астам уақыт болды. Еске салсақ, 2021 жылы Apple өзінің мобильді құрылғыларына арналған құпиялық ережелерін өзгерткен еді. Meta сол өзгерістер салдарынан 2022 жылдың өзінде 10 млрд доллар пайдадан қағылатынын мәлімдеген. Биылғы жылдың басында Meta Facebook пен Instagram-дағы жарнама берушілерді Apple-ге «посты ілгерілетуге» (екі алпауыт арасындағы қақтығысқа себеп болған жарнама түрі) 30% қызметтік алым төлемеу үшін оны айналып өту жолдарын пайдалануға үндейтін нұсқаулар жариялаған.
Apple және оның ЖИ серіктестері
Жасанды интеллект нарығына өзгелерден кеш шыққан Apple компаниясы ЖИ модельдерін әзірлейтін серіктестермен келісімшарт жасасуға кірісті. Оның алғашқы серіктесі – ChatGPT-ді жасаған OpenAI компаниясы. Apple бағдарламалық құралының жетекшісі Крейг Федериги Apple Intelligence жүйесіне Google Gemini чат-ботын да қосу жоспары барын мәлімдеді. WSJ дереккөздерінің айтуынша, Anthropic және Perplexity сияқты ЖИ стартаптары да қазір өз чат-боттарын Apple жүйесіне интеграциялау туралы келіссөздер жүргізуде.
Apple ChatGPT-ді iPhone, iPad және Mac-қа қосу үшін төлем жасамайды. Компания «бұл чат-ботты жүздеген миллион құрылғыға қосып таратудың өзі ақшалай төлем жасап ілгерілетумен бірдей немесе одан да құнды» деген ұстанымда. Қазіргі уақытта Apple Intelligence ЖИ функцияларының жиынтығы ағылшын тілінің тек америкалық нұсқасында ғана істейді. Қызмет географиясы кеңейетін болса, Apple Қытайда (ChatGPT-ге тыйым салынған елде) біраз қиындыққа тап болмақ. Bloomberg мәліметі бойынша, Apple чат-бот функцияларын қосу үшін Baidu және Alibaba компанияларымен ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруда. Алайда бірде-бір қытайлық провайдермен әлі келісімге келмеді.
Акциялар жайы
Apple Intelligence жүйесінің шыққаны жарияланғаннан кейін, Apple акциялары рекорд орнатып, құны алғаш рет 200 доллардан асты. Осылайша Apple нарықтық капитализация көлемі бойынша Microsoft-ты уақытша басып озып, әлемдегі ең қымбат компанияға айналды. Биылғы жылдың басынан бері Apple акциялары 11,8%-ға өсті. ЖИ-дің даму қарқынының арқасында Nasdaq-100 «көк фишкалар» индексі осы кезеңде 19,1%-ға өсті. Сарапшылардың Apple акцияларына көзқарасы оң: FactSet мәліметіне сәйкес, компания акциялары 47 рейтинг жинаған, соның 30-ы оларды сатып алуды ұсынған. Ал 14 сарапшы акцияларды ұстап отыруды, қалған үшеуі сатуды жөн санап отыр. Акциялардың орташа мақсатты бағасы 207,99 долларды құрайды, бұл қазіргі бағадан 0,5 долларға жоғары.