Apple ЕО-ның цифрлық нарықтар туралы жаңа заңы бойынша алғаш рет айыпқа ілікті

Жарияланды (жаңартылды )
ЕО Apple-ге жылдық жаһандық табысының 10%-на дейін айыппұл төлетуі мүмкін / Reuters/Gonzalo Fuentes

Еуропалық Одақ Apple компаниясын цифрлық бәсекелестік туралы жаңа заңды бұзды деп айыптады. ЕО-ның монополияға қарсы өкілетті органы Apple қосымшаларындағы дүкен әзірлеушілерге клиенттерді балама сатып алу тәсілдеріне еркін бағыттап жіберуге мүмкіндік бермейді деп есептейді. Apple-дің кінәсі дәлелденсе, жылдық жаһандық кірісінің 10%-ына дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін.

Толығырақ

Apple-ге бүгін ЕО-ның цифрлық нарықтар туралы заңы (Digital Markets Act, DMA) аясында алғаш рет айып тағылды деп жазады The Wall Street Journal. Аталған заңда цифрлық жарнама, онлайн іздеу және қосымшалар экожүйесіндегі бәсекелестікті күшейтуге бағытталған бірқатар ереже айқындалған.

ЕО Apple-ге тағылған айыпты «алдын ала қорытынды» деп атаған. Наурыз айында App Store ережелеріне қатысты тергеу басталған еді. Сол уақытта еуропалық реттеуші тараптар Meta мен Google-ға да қатысты тергеу бастаған. Тергеу әлі аяқталмады. Бұған қоса, ЕО Apple компаниясының Еуропадағы жаңа бизнес моделіне қатысты тергеу жүргізетінін хабарлады. Аталмыш жаңа модельге сәйкес, App Store-дан емес, басқа жерден орнатылған әрбір қосымша үшін 0,5 еуро мөлшерінде негізгі технологиялық төлем (Core Technology Fee) алынбақ. Apple-ге бүгін тағылған айыпқа қарағанда, бұл компания Digital Markets Act талаптарын бұзған болуы мүмкін.

ЕО Apple компаниясын неге айыптап отыр?

Еуропаның монополияға қарсы органдарының мәлімдеуінше, App Store ережелері әзірлеушілерге қосымша ішінде баға туралы ақпарат беруге немесе клиенттерге App Store-дан басқа жерлердегі ұсыныстар туралы еркін хабарлауға мүмкіндік бермейді деп жазады WSJ. Apple әзірлеушілердің пайдаланушыларға бөтен веб-парақтарды ашатын сілтемелер беруіне көп жағдайда шектеу қояды-мыс. Сондай-ақ CNBC хабарлауынша, App Store-ға байланысты алымдар «нағыз қажет алымдарға жатпайды».

Өткен аптада Apple ЕО ережелері Еуропада жасанды интеллект функцияларын енгізуге кедергі келтіруі мүмкін деген мәлімдеме жасады.

Акция жайы

Apple акциялары Нью-Йорктегі премаркеттің алғашқы сағаттарында өзгерген жоқ десе де болады. Франкфурттағы саудада iPhone өндірушісінің акциялары 0,2%-ға арзандады. Бір жыл ішінде технологиялық алыптың акциялары шамамен 12%-ға, ал соңғы үш айда 27,5%-ға қымбаттады.

Сондай-ақ оқыңыз