Қаржы нарығын дамыту агенттігі инвестициялық және венчурлік қорларды дамытуға арналған үш ережені таныстырды
Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заң жобасында бөлшек инвесторлар мүмкіндігін арттыру, ұжымдық инвестициялар нарығындағы қауіп-қатерді барынша азайту және оның ашықтығын қамтасыз ету үшін үш ереже енгізілмек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымова осы ережелер жөнінде айтты.
Біріншіден, капиталды тарту көздерін кеңейту мақсатында кез келген ұйымдық-құқықтық нысанда қорлар құру мүмкіндігі көзделеді. Қолданыстағы заңнамада қорларды тек екі ұйымдық-құқықтық нысанда құру қарастырылады – инвестициялық пай қоры және акционерлік инвестициялық қор. Заң қабылданғаннан кейін құрылтайшылар кез келген нысанда, оның ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік, сенім серіктестігі және қарапайым серіктестік қорларын ашуға мүмкіндік алады.
Екіншіден, инвестордың біліктілігіне қарай қорлардың жаңа жіктемесі белгіленеді. Қорлар бағалы қағаздарға инвестициялау қорлары және баламалы инвестициялау қорлары болып екі санатқа бөлінеді. Бағалы қағаздарға инвестициялау қорларының активтеріне білікті және біліктілігі жоқ инвесторлар иелік етеді, өйткені олар өтімділігі жоғары және тәуекелі төмен құралдарға орналастырылады. Өз кезегінде баламалы инвестициялау қорлары тәуекелді басқару стратегиясына байланысты білікті инвесторлар ғана қолданатын болады. Бұл тәжірибесі жеткіліксіз инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз етеді және білікті инвесторлардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Үшіншіден, баламалы инвестициялау қорларына қатысты транспаренттілікті арттыру үшін уәкілетті органда есептік тіркеу және ақпаратты жария ету бойынша талаптар енгізіледі. Қазіргі кезде бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларға, инвестициялық пай қорларының және акционерлік инвестициялық қорлардың активтерін басқарушыларға ғана есеп беруі міндетті. Заң қабылданғаннан кейін бұл талап венчурлік қорларға (Venture Capital), тікелей инвестициялау қорларына (Private Equity), тәуекелдік инвестициялау қорларына және хедж-қорларға (Hedge Funds) да қолданылады. Оларға қатысты уәкілетті органда есептік тіркеу бойынша талаптар да енгізіледі.
Жұмыс тобы халықаралық тәжірибеге сүйенуде
Ұжымдық инвестициялар нарығын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заң жобасын әзірлеуде. АгенттікДүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) және қаржы нарығының жетекші сарапшыларымен жобаны талқылауда. Жұмыс тобы инвестициялық және венчурлік қорлардың қызметін реттеудің озық халықаралық тәжірибесіне, оның ішінде Еуропалық Одақ, АҚШ, Ұлыбритания және Марокко елдерінде қолданылатын UCITS (Undertakings for Collective Investment in Transferable Securities) және AIF (Alternative Investment Funds) қорларының тұжырымдамасына сүйенеді.
Дүниежүзілік банк сарапшылары Заң жобасында көзделген реттеу тәсілдері Қазақстанның инвестициялық және венчурлік қорларын UCITS (Undertakings for Collective Investment in Transferable Securities) және AIF (Alternative Investment Funds) индекстеріне қосуға мүмкіндік береді, бұл шетелдік инвестицияларды әкелуді қамтамасыз етеді деп есептейді.
«Бүгінгі күні заң жобасын қаржы нарығына қатысушылар қолдады, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін агенттік оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізу бойынша іс-шараларға бастама жасайды», – делінген ҚНРДА хабарламасында.
Инвестиция құятын қорлар белгілі болды
Стартаптарды қаржыландыратын венчурлық қорларға БЖЗҚ мен «Самұрық-Қазына» инвестиция құяды. Құжатқа сәйкес венчурлық қорларды қоса қаржыландыру инвесторлардың, оның ішінде Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұйымдардың, банктердің таза пайдасынан жүзеге асырылады. Яғни аталмыш қорларға банк холдингтері, зейнетақы қорлары, сақтандыру (қайта сақтандыру) компаниялары инвестиция салады. Ақпан айында Үкімет басшысының қаулысы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылды.
Сонымен бірге құжатта мынадай инвестициялар міндетті түрде ынталандыру ретінде салықтық преференцияларға ие болатыны жазылған:
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) венчурлық қорлардың жарғылық капиталындағы үлестерді немесе қатысу үлестерін сатып алу арқылы венчурлік қорларды қоса қаржыландыруды қоса алғанда, өз активтерін инвестициялау нәтижесінде инвестициялық кіріс алуға құқылы.
Ал Ұлттық әл-ауқат қорының міндетіне инновациялық процестер мен технологиялар қорының тобында әзірлеуді және енгізуді ынталандыру, венчурлық қорларды және стартап-компанияларға тікелей инвестицияларды қоса қаржыландыру кіреді.