Forbes тізіміндегі қазақстандықтардың компаниялары көмір мен газ үшін қомақты сома қарыз
Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев алдағы жылу маусымына дайындық барысымен таныстырды.
Оның айтуынша, елдегі энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін ауқымды кредиторлық берешегі – маңызды проблемалық мәселеге айналған.
«Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» алдындағы берешегі 24 млрд 695 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» алдында да 6 млрд 29 млн теңге сомасында берешегі бар», – деді министр Үкімет отырысында.
Сәтқалиевтің айтуынша, «Богатырь Көмір» кәсіпорынына «Екібастұзжылуэнерго» – 2,7 млрд теңге қарыз. Сонымен қатар «Павлодарэнерго» – 2,3 млрд теңге, Степногорск жылу электр орталығы – 828 млн теңге және «Көкшетау Жылудың» 168 млн теңге берешегі бар. Мәселен, «Екібастұзжылуэнерго» мен «Павлодарэнерго» серіктестіктеріне жеткізілген көмір үшін «Богатырь Көмірге» жалпы қарыздың 83,5% үлесі келеді.
Оның сөзінше, энергетикалық кәсіпорындарға берешекті тезірек жабу қажет.
Аталған екі энергетикалық компания Александр Клебанов пен Сергей Канға тиесілі. Олар Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтар тізіміне енген. Олардың капиталы 815 млн доллар (12-орын) және 292 млн доллар (31-орын).
Клебанов пен Канның әрқайсысы «Павлодарэнерго», «СевКазЭнерго» және «Ақмола РЭК» компанияларына иелік ететін Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының (ОАЭҚ) 47,1%-на иелік етеді. Сәуір айының басында ОАЭК ВТБ (Қазақстан) еншілес банкімен және Банк ВТБ (Ресей) арасындағы синдикатталған несиелік келісімге өзгерістер енгізетінін хабарлады. Құжатқа сәйкес ОАЭК ВТБ алдындағы міндеттемелері компанияның меншікті капиталының 10%-ы немесе 12 млрд теңгеге ұлғаяды.
Еліміздегі газ бойынша ең қомақты қарыз – «Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына» тиесілі. «ҚазТрансГаз-Аймақ» алдындағы берешегі 19,67 млрд теңге. Сонымен қатар борышкерлер тізіміндегі Ақтөбе жылу электр орталығы – 2,6 млрд теңге, «Таразэнергоорталық» – 1,3 млрд теңге, «Өзен жылу» – 667 млн теңге, «Қызылордажылуэлектрорталық» – 277 млн теңге және «Жайықжылуэнерго» 210 млн теңге қарыз.
Еске сала кетсек, Қазақстанда жылу электр орталықтарын жөндеуге 380 млрд теңге қарастырылған.