Fitch Ratings агенттігі «ҚазТрансОйл» компаниясының ұзақмерзімді рейтингін растады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Fitch Ratings ҚТО рейтингін растады. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі «ҚазТрансОйл» АҚ эмитент дефолтының ұзақмерзімді рейтингін «BBB» деңгейінде растаған. Болжам – «Тұрақты». Алайда рейтинг агенттігі «ҚазТрансОйлдың» Қазақстан аумағында мұнай тасымалдау тарифінің өсімі инфляцияның ресми деңгейінен төмен болады деп тұжырымдайды.

«Реттеуші органдар белгілеген ішкі тарифтер экспорттық тарифтерден әлдеқайда төмен. Тарифтерді қайта қараудың өзіндік тәртібі бар. Бұл өз кезегінде ҚТО кірісінің ашықтығын төмендетеді. Ішкі тарифтер инфляциядан төмен қарқынмен өседі деп болжаймыз және ҚТО-ның EBITDA көрсеткіші жалпы алғанда 2022-2023 жылдар деңгейіне сәйкес келеді. Пайда экспорттық тариф және АҚШ долларымен көрсетілген транзиттік тарифтермен қамтамасыз етілмек», – деп айтылған агенттік мәлімдемесінде.

«ҚазТрансОйлдың» кредит қабілеттілігі дербес негізде («bbb») компанияның Қазақстандағы мұнай құбырларының ұлттық операторы ретіндегі үстем ұстанымын, еуропалық әріптестеріне қарағанда аз болжамды нормативтік базаға қарамастан, ақша ағынының тұрақты қалыптасуын және күшті қаржылық бейінін көрсетеді.

Компанияның қазіргі кредит рейтингі Қазақстан Республикасының егемен рейтингімен («BBB», «Тұрақты» болжамы) және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бас компаниясының рейтингісімен («BBB», «Тұрақты«болжамы) бір деңгейде.

Ұлттық банк инфляция 2024 жылы 7,5–9,5%, 2025 жылы – 5,5–7,5%, 2026 жылы – 5% деңгейінде қалыптасады деп болжайды. Мамыр айында жылдық инфляция сәуірдегі 8,7%-дан 8,5%-ға дейін төмендеді.

ҚТО 1 шілдеден ішкі нарыққа мұнай тасымалдау тарифін ҚҚС-сыз 1 мың шақырымға тоннасына 4 851,87 теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл қазіргі тарифтен небәрі 2,87 теңгеге қымбат Қолданыстағы тариф 2023 жылдың маусымында бекітілген болатын.

ҚТО қызметінің тарифі Қазақстандағы нормативтік базаның өзгеруіне байланысты. Бұған дейін Қазақстан мұнай экспортының Ресей арқылы өтетін бағытына тым тәуелді екенін атап өткен.

Сондай-ақ оқыңыз