Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су құйылды

Жарияланды (жаңартылды )
Шұбаркөл
Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су келді /фото: Экология министрі

2024 жылдың басынан Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су келді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиеваның айтуынша, Солтүстік Аралдағы су көлемі 21,4 млрд текше метрге жетті.

Орта Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан трансшекаралық өзендер мәселесін жиі талқылайды.

Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының 86-шы отырысында тараптар суару маусымында Солтүстік Аралға секундына кемінде 30 текше метр су құямыз деп келісті. Оған қоса 997 млн текше метр су жіберуге уағдаласты.

Қазіргі кезде теңізге секундына 50 текше метр су келіп жатыр. Бір жыл бұрын ағын секундына 6 текше метр болатын.

Осыған дейін Солтүстік Аралды оңтүстіктен бөліп тұрған Көкарал бөгетінің құрылысы аяқталған. Бөгет Солтүстік Аралда су деңгейін көтеруге мүмкіндік берді.

«Бөгет пайдалануға берілгеннен бүгінгі күнге дейін Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне 46,6 млрд текше метр су келді. Ал соңғы 7 жылда теңізге 13,3 млрд текше метр су түсті. Соңғы жылдары Солтүстік Аралдың су көлемі азайды, алайда 2024 жылдың басынан бастап деңгейі қайта көтеріле бастады және бүгінде 21,4 млрд текше метрге жетті», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Айта кету керек, Сырдария өзені ағынының 75%–ы Қырғызстанда, 20%–ы Өзбекстанда және 5%-ы Қазақстанда қалыптасады.

Қырғызстан 560, Өзбекстан 922 млн текше метр су жібермек

Трансшекаралық су мәселесі Қазақстан үшін өте өзекті. Қырғызстан Қазақстанға 560 миллион текше метр су жібермек. Екі ел Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-шы отырысында осындай келісімге келді. Су ресурстары министрлігінің мәліметі бойынша суару маусымында елімізге Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келеді.

Ал Өзбекстан 922 млн текше метр су жіберетін болып келісті.

Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесі отырысына қатысты. Президент Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын автоматтандырылған жүйе енгізуді ұсынды. Тоқаев Орталық Азиядағы қуаңшылық 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады деп мәлімдеді.

2050 жылға қарай Сырдария мен Әмударияның су деңгейі 15 пайызға азаяды. Ал қос өзеннің суы тартылса, Арал теңізінің жағдайы одан әрі қиындай түспек.

«Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ», – деген еді Президент Астана форумында.

Сондай-ақ оқыңыз