Еуразиялық экономикалық кеңес ет өнімдеріне қатысты жаңа санитарлық талап енгізді
ЕАЭО аясында қолданылатын бірыңғай санитарлық нормаларға ет өнімдеріне қатысты жаңа талап енгізілді.
«25 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы жануарлардан алынатын тағам өнімдеріне антигельминтикалық ветеринариялық препараттардың рұқсат етілген шекті деңгейін енгізуді көздейтін Бірыңғай санитарлық талаптарға өзгерістер енгізді», – деп хабарлады ЕЭК баспасөз қызметі.
Препараттардың рұқсат етілген шекті деңгейін белгілеу қажет екені олардың Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінде мал өсіру кезінде қолданылатындығымен түсіндіріледі. Бұл ретте ЕАЭО актілерінде азық-түлік өнімдеріндегі олардың нақты рұқсат етілген деңгейі көрсетілмеген.
ЕЭК бұл шешім еттен жасалатын қауіпсіз азық-түлік өнімдерін өндіруді қамтамасыз ететінін хабарлады.
Бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі кедендік-тариф мәселелерін және ортақ нарықтағы дайын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды талқылаған болатын.
Еске сала кетсек, ЕАЭО елдері «Қауіпті өнім» тізілімін «Сәйкес келмейтін өнім» тізілімі деп ауыстырды. Тізілім техникалық регламенттер талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау қорытындысы бойынша қалыптастырылатын болады. Сонымен қатар өнімнің ЕАЭО техрегламенттерінің талаптарына сәйкес еместігі туралы мәліметтерді қамтиды.