Алматыда көлік апаты салдарынан автобус ғимаратқа соғылып, бір адам көз жұмды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
24 автобус жолаушысы медициналық көмекке жүгінген / Коллаж: kursiv.media

Алматыда автобустың қатысуымен жол апаты болып, бір адам қайтыс болды. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Тиісті сараптамалар тағайындалды. Бұл жол-көлік оқиғасы 14: 20-да Алматының Алмалы ауданында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, «Kia» көлігінің жүргізушісі Мақатаев көшесімен оңтүстік бағытта өтіп бара жатып, «Сity-Bus» ЖШС жеке тасымалдаушысы қызмет көрсететін 18-ші бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысқан. Кейін автобус жанындағы нысанға соғылған», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.

Оқиға салдарынан қоғамдық көліктің 24 жолаушысы медициналық көмекке жүгінсе, тағы бір жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, екі адамға сол жерде медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық емдеуге жіберілді.

«Зардап шеккен 22 адам қалалық ауруханаларға жеткізілді, олардың барлығының жағдайы орташа ауыр. Зардап шеккендер арасында 14, 15 және 16 жастағы үш жасөспірім бар. Олардың да жағдайы орташа ауыр. Бір баланың тізесі мен іші көгерген, екіншісінде мұрын сүйектерінің жабық сынуы, ал үшіншісінің оң жақтағы жіліншік сүйегі сынған», – деп хабарлады басқарма.

Еске сала кетсек, 2023 жылғы 22 желтоқсандаАлматыда жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болған. 18:15-те 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізушімен жанжалдасып, жүргізушіні ұрып есінен тандырған. Осының салдарынан жүргізуші көлікті басқара алмай қалған.

Былтыр ел аумағында 15 мыңнан аса жол көлік апаты тіркелді, 22 мың адам зардап кешті.

Сондай-ақ оқыңыз