Тоқаев атом электр станциясын салу бойынша референдум күзде өтетінін айтты

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев АЭС салу бойынша референдум күзде өтетінін айтты / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум күзде өтетінін мәлім етті. 

Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімі аясында референдумның нақты күнін Үкімет белгілейтінін атап өтті.

«Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды», – деді президент.

Бұдан бөлек, Тоқаев экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек екендігін баса айтты. 

«Атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек», – деді Тоқаев.

Сенат кулуарында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов референдум кезінде қазақстандықтарға қандай сұрақ қойылатыны туралы айтып берді.

«Референдумда халыққа бір сұрақ қойылады. Халық АЭС салуға «келісемін» немесе «қарсымын» деп қана жауап бере алады. Бұл менің жеке ойым, оны Үкімет алда нақтылайды. Шешім қабылданғаннан кейін, механизм талқыланады», – деді вице-министр.

Сондай-ақ Есімханов референдумда халықтың АЭС-ті қай ел салатыны туралы таңдау жасамайтынын айтты.

2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде атом электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдеген.

Атом электр станциясын салуға қатысты алғашқы қоғамдық талқы өткен жылы Алматы облысының Үлкен ауылында 22 тамызда өткен болатын. Жалпы алғанда халықтың пікірі екіге бөлінген. Билік өкілдері халықты АЭС салудың еш зияны жоқ дегенге сендірсе, Алматыдан арнайы келген белсенділер мен экологтар зияны көп екенін айтты.

Қазақстанда АЭС-ті Ресей, Корея немесе Франция елдерінің компаниялары салуы мүмкін. Атап айтқанда, әлеуетті жеткізушілер ретінде «CNNC» (ҚХР, hpr-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы) және «EDF» (Франция, epr1200 реакторы) компаниялары қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз