Грекия аралындағы өрт. Полиция экипаж кінәсын жоққа шығарған яхта капитаны мен оның көмекшісін қамауға алды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Полиция яхта капитаны мен оның көмекшісін қамауға алды / Фото: Facebook / Epoxikoipirosvestes, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Құқық қорғаушылар Грекия аралындағы орманды өртеді деп айыпталған яхта капитаны мен оның көмекшісін ұстады. Экипаждың өзге он бір мүшесі кепілге босатылды. Барлық күдікті кінәні жоққа шығарып отыр.

News Break басылымының ақпаратына сүйенсек, яхта капитаны тергеу кезінде Гидра аралында болған өртке ешқандай қатысы жоқ екенін айтқан. Яхтадан сигнал зымырандары ұшырылмағанын қайталаған. Оның айтуынша, бұл ақпаратты кемені тексерген Жағалау күзеті де растайды. Капитан өрт сөндіру туралы бірден хабарлағанын, қазақстандықтардың демалу бағдарламасында отшашу болмағанын атап өткен.

Басылымның ақпаратына сүйенсек, экипаждың өзге мүшелері оның сөздерін растады.

Капитан мен оның көмекшісі «уақытша қамауға алынды», қалған 11 экипаж мүшелері, оның ішінде офицерлер, аспаздар мен қызметшілер кепілге босатылды. 

Бастапқыда билік өрт туралы іс қозғағаннан кейін экипаждың барлық 13 мүшесі қамауға алынды. БАҚ іс бойынша олар 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екендігін жазған.

Тергеу мәліметтері бойынша, яхтадан отшашу атылып, аралдағы жалғыз қарағайлы орман өрттенген.

Halyk Bank  басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова мен Forbes тізіміндегі қазақстандық кәсіпкер Данияр Әбілғазин Persephoni I яхтасында болған болуы мүмкін.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, туристер отшашуынан Грекияның Гидра аралында өрт тұтанған. Кемедегі жолаушылардың тізімін OCCRP журналистері қолға түсірді. Шаяхметова мен Әбілғазиннің өкілдері «Курсивке» бұл ақпарат бойынша түсініктеме берген жоқ.

Журналистердің жазуынша, ұшақта Үміт Шаяхметованың күйеуі мен қызы, Данияр Әбілғазиннің әйелі және тағы бірнеше адам болған. Оқиға болған күні ертеңіне Данияр Әбілғазиннің ұшағы Афинадан Алматыға ұшып кеткен.

21 маусымда кешке Грекияның Идра аралында 13 турист жалдамалы яхтада отшашу атқан. Салдарынан қарағайлы орман өртке оранған. Туристер өртті сөндіруге тырысып, кейіннен оқиға орнынан қашып кеткен. Арал мэрі Джоргос Кукулакис оларды сотқа беретінін айтты. Полиция туристерді ұстап, кейін грекиялық БАҚ олардың Қазақстанға қатысы бар азаматтар екенін жазған.

Сондай-ақ оқыңыз