Көпшілік сезінбей жүр: Тоқаев Қазақстандағы жаңа саяси жағдай туралы

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Президент елдегі жаңа саяси жағдайды көпшілік сезінбей жүргенін айтты / akorda.kz, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси жағдайдың өзгеріп, сөз бостандығы мен ашық бәсекелестік пайда болғанын айтты.

БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімі кезінде елімізде жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесінде азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейі едәуір өсіп, шынайы әрі аясы кең пікір алуандығы пайда болғанын айтты.

«Сөз бостандығы қоғамның мызғымас құндылығы саналады. Бүгінде Қазақстанда жүздеген тәуелсіз БАҚ пен медиаресурс бар. Ал интернеттегі көптеген түрлі блогтар мен каналдар туралы айтпаса да болады. Олар елде болып жатқан үдерістерді әр қырынан жариялап көрсетеді, билік органдарының қызметіне сын айтады», – деді президент. 

Тоқаевтың айтуынша, пікір алуандығын қалыптастыру саяси жүйенің негізгі жетістігінің бірі болған.

«Көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр. Алайда Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қол жетімділігінен байқауға болады. Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі», – деді Тоқаев.

Президент отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенім білдірді.

«Шекарасыз репортерлер» ұйымының сөз бостандығы рейтиңінде Қазақстан бір жыл ішінде 8 сатыға төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз