Байқоңырдағы «Бәйтерек» зымыран кешенінің құрылысына 14,7 млрд теңге бөлінді
Байқоңырдағы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінде Қазақстан мен Ресейдің ең ірі бірлескен жобасын іске асыруға 14,7 млрд теңге берілді. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өңірге барған сапары кезінде хабарланды.
Ақпаратқа сүйенсек, ғарыштық зымыран кешенінің құрылысы «Союз-5» жаңа зымыран тасығыштарын ұшыруға арналған «Зенит-М» ҒЗК инфрақұрылымы базасында жүргізіліп жатыр. 2018 жылы ресейлік тарап алаңды жалға алуды тоқтатқаннан кейін, нысанды қазақстандық мамандар пайдалануда. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2028 жылдың мамырына жоспарланған, ал алғашқы ұшу сынақтарын 2025 жылы бастау жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені бүгінде посткеңестік аумақтағы Қазақстан мен Ресейдің ең ірі бірлескен жобасы және екі мемлекет басшыларының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Биыл оны іске асыруға 14,7 млрд теңге бөлінген, қаражаттың қалған бөлігін бөлу мәселесі қосымша пысықталатын болады.
«Зымырандарды ұшыру мерзімдерін өзгертпеу керек. Үш ұшырылымның біріншісі келесі жылы өтуі тиіс. Жоба «Байқоңыр» кешенінің белсенді жұмысын қамтамасыз ету үшін аса қажет. Бұл орайда бірлескен кәсіпорындағы еңбек ұжымының жұмысы да маңызды. Сондай-ақ ғылыми ортамен де өзара тығыз іс-қимылды үзбеу керек», — деп атап өтті Бектенов.
2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қазақстандықтарға Байқоңыр қаласына кіруге берілетін рұқсат қағазын рәсімдеу тәртібі жеңілдеді. Бұл туралы Қазақстан президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай мәлімдеген.