Ислам даму банкі Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларға 2 млрд доллар бөледі

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Ислам даму банкі Қазақстанға 2 млрд доллар бөледі / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ислам даму банкі Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға шамамен 2 млрд доллар қаржы бөледі. 

Үкімет ақпаратына сүйенсек, OPEC халықаралық даму қоры ұйымдастырған форумда ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Араб координациялық тобына кіретін ислам даму институты өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан Үкіметі мен Ислам даму банкі арасында бірқатар келісімге қол қойылды.

«Келісім биыл су шаруашылығы және көлік салаларындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін ұзақмерзімді инвестициялар тарту туралы бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді бекітті. Осы мақсатта Ислам даму банкі 2 млрд долларға дейін қаржы бөледі», – делінген Үкімет хабарламасында.

Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл қаржыландыруға дайын 16 жобаны дайындаған. Атап айтқанда, су қоймаларын, бөгеттерді, ирригациялық каналдарды, контрреттеушілерді және ілеспе инфрақұрылымды салу және реконструкциялау жобалары. 

Көлік министрлігі ұзындығы 500 шақырымнан астам республикалық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау және салу бойынша 4 жобаны ұсынған.

29 сәуірде Ислам даму банкі Қазақстанның су шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыруға түрлі грант пен қаржы бөлетіні белгілі болған. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, алғашқы транш биыл түседі.

10 облысын су тасқыны басқан Қазақстан су шаруашылығы саласында үлкен реформа жүргізбек. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар түгелдей қайта құрылады. Сондай-ақ Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады. Тағы 15-не кұрделі жөндеу жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз