Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген 8,5 мың адам арнаулы төлем алды
Жыл басынан бері зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген 8,5 мың адам арнаулы әлеуметтік төлем алған. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды. Жалпы бұл төлемді алуға 9 255 адам өтініш білдірген.
Ал екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 2 840 адам жүгініп, соның ішінде 2 730 адамға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалған.
Төрт қаржыландыру көзі: республикалық бюджет, БЖЗҚ, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымынан төленетін төлемге 6 415 адам өтініш білдірген. Соның ішінде 5 746-сына әлеуметтік төлем тағайындалған.
«Сонымен қатар 369 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шарт жасалуын күтіп жүр. 68 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 342 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды», – делінген хабарламада.
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін төленетін төлемнің басым бөлігі өндірістік аймақ – Қарағанды облысының тұрғындарына тағайындалған. Одан кейін Қостанай мен ШҚО-ның өнеркәсіп орындарының қызметкерлері келеді.
Аталмыш төлем 2024 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға төленеді.
Арнаулы әлеуметтік төлемге кімдер өтініш бере алады?
Ол үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін одан әрі еңбек жағдайы зиянды жұмыс істемеуі керек. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауысып, содан кейін олар жалақы мен төлемді қатар ала алады. Сондай-ақ демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады.
БЖЗҚ дерегі бойынша арнаулы әлеуметтік төлемге 37 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Жалпы төлем мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланысты болады.