Жылқысы жұттан қырылған ел бір тиын көмек алған жоқ – Аманжол Әлтай

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Аманжол Әлтай Ұлытау облысында төтенше жағдай жарияламаған өңір әкімін сынады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор-Ахтам Зиперов

Ұлытау облысында жылқылары жұттан қырылған шаруаларға мемлекет ешқандай көмек көрсетпеді, өтемақы бермеді. Осылай деп мәлімдеген Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай шаруаларға қолдау көрсетпеген билік өкілдерін сынады.

Депутат Жаңарқа ауданындағы шаруалардың мәселесін Үкімет сағатында да,  Парламент қабырғасындағы жиындарда бірнеше рет көтергенін айтады. Өңірдегі жылқы малының жаппай қырылуын, 70-80 жылда қайталанып келетін ауыр жұт деп бағалады.

«Өкінішке қарай, жергілікті әкімдердің мінезсіздігінен, батылсыздығынан төтенше жағдай жарияланбады. Негізі әділеттелігі, сол кезде төтенше жағдай жариялануы керек еді. Сонда ауылдағы фермерлеріміз, шаруа қожалық иелері, ауылдағы халық Үкімет тарапынан қолдауға, қаржылық көмекке ие болатын еді. Төтенше жағдай жарияланбағаннан кейін, бүгінгі таңда жылқысы жұтта қырылған ел бір тиын көмек ала алған жоқ», – деді Аманжол Әлтай Праламенттің бірлескен отырысынан соң.

Депутат Ұлытау облысының халқы негізінен жылқы шаруашылығымен күн көріп отырғанын айтады.  

«Жалпы  Ұлытау облысы Қостанай, Көкшетау облыстары сияқты егін екпейді. Негізі төрт-түлік мал соның ішінде жылқы шаруашылығы тірлішік көзі болып отыр.  Әрине, елдің арқасына батты. Елдің тұрмыстық жағдайының қиындауына бұл себеп болды.  Бүгінгі күнге дейін бұл жылқыға ешқандай  өтемақы, ештеңе берілген жоқ», – деді депутат.

Мәжілісменің айтуынша, мал өсіру үшін мемлекеттен несие алған халықтың қарызы да кешірілмеген. Бұл мәселе бойынша да Үкімет тарапынан ешқандай қолдау әзірге көрсетілмегенін жеткізді.

«Бұл да – шешілмеген мәселе. Бұл мәселені шешу керек екендігін біз министрдің де, Үкіметтің алдында да көтердік.  Жылқы алған кезде олар  несие алды, сол алған несиесінің салмағы бүгінгі күнде халықтың мойнында тұр», – деді ол.

Депутат бұл мәселені әлі де назарда ұстауға уәде берді.

Айта кетейік, осыған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қыста Қарағанды мен Ұлытау облыстарында қырылып қалған жылқыларға өтемақы төленбейтінін айтқан еді. Себебі министрлік бұл нәубетті жұт деп қабылдамайды.

АШМ өкілі бұл жағдайды жұт деп мойындамайтынын, себебі өңірде соншалықты көп ірі-қара малы қырылмағанын алға тартты. Айтуынша, нағыз жұт келсе, мал түрін таңдамайды, бәрі қырылады.

Еске сала кетсек, қыста Ұлытау мен Қарағанды өңірінде жылқы малы қырылды. Өңір шаруалары далада жатқан өлекселердің саны 2000-ға дейін жеткенін хабарлады. Сол кезде өңір әкімдіктері жылқының қырылуына иелерінің малды фермаларда ұстамауы, қажетті мөлшерде жем-шөп дайындамауы себеп болғанын айтты.

Ал 26 наурыз күні АШМ басшысы Айдарбек Сапаров та жылқылардың қырылуына шаруалардың өздері жауапты екенін мәлімдеді. Министр сонымен бірге өңірде небәрі 360 бас жылқы малының қырылғанын айтты.

«Ұлытау өңіріне жем-шөпке 1 млрд 400 млн теңге субсидия бөлінген. Ол қаражат тек жем-шөпке бөлінген. Соған қарамастан, 360 бас жылқы қырылған. Неге бұлай болғанын қазір анықтап жатырмыз. Менің айтпағым, бұған әкімшілікпен бірге, мал иелері де жауапты. Мәселен, Ұлытауда қырылған 360 жылқының иесін таба алмай жатырмыз. Қырылған жануарларлардың дені қаңғып кеткен. Яғни оларды иелері жібере салған. Олар малдың жем-шөбін қамдап алуы керек болған. Шаруалар жем-шөп алуға жағдайы болмаса, әкімдіктерге жүгінуі керек», – деген министр. 

Сондай-ақ оқыңыз