Астана LRT бағаналарының бірінде өрт шықты
Астананың Алматы ауданындағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалы маңында салынып жатқан Астана ЖРК (LRT – ред.) бағаналарының бірінде өрт шықты.
«Бүгін Алматы ауданында «Нұрлы Жол» темір жол вокзалының маңында салынып жатқан ЖРК бағаналарының аралықтары арасындағы қалыптардың жануы орын алды», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер 30 шаршы метр алаңға жайылған өртті сөндірді. Зардап шеккендер жоқ. Министрлік өрттің себебін анықтайтын болады.
LRT құрылысына 2023 жылы 50 млрд теңге бөлінген. Ал жалпы жобаға 600 млн доллар керек. Бұл жайлы 2023 жылдың мауысымында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтқан болатын.
Әкім 2 жылда құрылыс жұмыстарының аяқталып, бірінші кезеңі бойынша станциялар іске қосылатынын мәлімдеді. Ол 2025 жылға қарай LRT 8 станциясында құрылыс жұмыстары аяқталып, 5 пойыз жүретінін айтты. Әкім 2030 жылға қарай қаладағы халық саны 2 млн-ға жететінін, сол себепті мұндай көлік қатынасы кез-келген ірі мегаполисте болуы қажет екенін айтты.
Астана қаласында бірталай жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған LRT құрылысы жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Мемлекет басшысы LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тапсырғанымен нәтиже шықпағанын айтты. Қаражат жұмсалғанымен нәтиже көрінбейтінін атап өтті.