Мемлекет мүлкін ұрлады деген күдікпен бір жыл іздеуде болған азамат ұсталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі 2023 жылдан бері іздеуде жүрген азаматты ұстады. Алматыда алаяқтық жасады деген күдікті Бішкекте қолға түсті.
Агенттік мәліметінше, ол бұрын сот үкімімен тәркіленген үш үй мен екі пәтер түріндегі мемлекеттік мүлікті жымқырды деген күдікке ілінген.
«Алаяқтық әрекет Алматы қаласы әкімдігі мен ҰҚКД лауазымды адамдарының қатысуымен бақылаудағы адамдарға жалған төмен бағамен және белгіленген сауда-саттықсыз жылжымайтын мүлікті сату жолымен жасалған. 14 маусымда Бішкек қаласында У. есімді азамат ұсталғаннан кейін, Қырғыз Республикасы ІІМ қызметкерлеріне жеңілдетілген рәсімдер бойынша өз еркімен Отанына оралуға дайын екенін хабарлаған. Сол күні Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің сүйемелдеуімен У. есімді азамат Қырғыз Республикасының шекарасынан өтіп, Алматы қаласына жеткізілді», – деп мәлімдеді агенттік өкілдері.
Қазір ол Алматы қаласы ПД УҰИ-да қамауда отыр. Күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, 26 маусымда Алматы қаласының соты метро құрылысы кезінде 5 миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айып тағылған 10 адамға қатысты үкім шығарды. Істің негізгі фигуранттары 7-8 жылға бас бостандықтарынан айырылған.
Сондай-ақ Антикор Түркістан облысының тұрғыны 6 миллион теңге пара алып жатқан жерінде ұстады. Ол өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған.