Енді тұрғын үйді сату-сатып алу үшін нотариус пен ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Мәміленің нәтижесі 8 сағаттан аспай келеді, ал тіркеу – небәрі 10 минутты құрайды / Фото: kursiv.media

Енді қазақстандықтар тұрғын үйді халыққа қызмет көрсету орталығына және нотариусқа бармастан, онлайн-режимде сатып алып, сата алады. Әділет министрлігі Freedom банкпен бірлесіп жылжымайтын мүлікті онлайн қайта тіркеу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.

Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли әділет органдары салаларын цифрландыру  бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Соның бірі  жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мәмілелерді онлайн жасау жобасы.

«Енді қазақстандықтар тұрғын үйді халыққа қызмет көрсету орталығына және нотариусқа бармастан, онлайн-режимде сатып алып, сата алады. Мәміленің нәтижесі 8 сағаттан аспай келеді, ал тіркеу – небәрі 10 минутты құрайды. Әділет министрлігі Freedom банкпен бірлесіп жылжымайтын мүлікті онлайн қайта тіркеу бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жеріне қарамастан, мемлекеттік тіркеуге құжаттарды тапсыру мүмкіндігі пайда болды», – деді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли брифинг барысында.

Талғат Уәли атап өткендей, мәміле процесі биометриялық аутентификация арқылы сатушы мен сатып алушының жеке басын сәйкестендіруден басталады. Егер сатушы некеде болса, онда жұбайы да осы процедурадан өтуі керек.

«Әрі қарай, мәмілеге қатысушылар нотариустармен бейнеқоңырау тағайындайды, онда нотариус қатысушылардың жеке басына және мәміленің түпнұсқалығына көз жеткізеді. Сатып алу-сату шартына электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылады. Интернеттегі кез-келген сатып алу-сату мәмілесін әрқашан сатып алушы бастайды», – деді министрліктің ресми өкілі.

Қатысушыларға Freedom банк клиенттері болудың қажеті жоқ. Мұны кез келген адам жасай алады. Ең бастысы, Қазақстан азаматы болу және электрондық-цифрлық қолтаңбаға ие болу керек. Сондай-ақ жылжымайтын мүлікке құқықтар 2015 жылдан бастап электрондық форматта ресімделуі тиіс.

«Айта кететін жайт, алғашқы кезеңде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны 50 миллион теңгені құрайды және пилоттық жоба Астана, Алматы қалаларында іске асырылуда. Кейін осы сервиске Қазақстанның басқа да өңірлерін қосу және тұрғын үйдің құнын одан әрі көбейту бойынша жұмыстарды жүргізу жоспарлануда», – деді ресми өкіл.

Айта кетейік, Қазақстандық тұрғын үй нарығындағы «көпіршік индексі» төмендеу үрдісін жалғастыруда. «Отау» жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасының іске қосылғанына қарамастан, нарықта оң динамика байқалады.

Сондай-ақ оқыңыз