Тоқаев Қырғызстан Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Ош облысы Нооқат ауданында селдің жүруінен адамдардың қаза табуына байланысты Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа көңіл айту жеделхатын жолдады.
– Қазақстан халқының және жеке өз атымнан қаза тапқан азаматтардың отбасы мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Қазақстан тату көршілік және өзара қолдау рухында табиғат апаты болған елдімекенге гуманитарлық көмек жіберді. Қажет болған жағдайда, бауырлас Қырғызстанға жәрдем беруге әзірміз, – деп жазылған жеделхатта.
Ош облысында нөсер жауып, сел жүрген еді. Көрші елдің Төтенше жағдайлар министрлігі тасқын зардабымен күресуді бірден бастады. Алғашқы күні 5 адамның мәйіті табылды.
Жексенбіде төтенше жағдай кезінде 8 адам қаза тапқаны мәлім болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстаннан барған екі баланың көз жұмғанын, тағы екі адамның іздестіріліп жатқанын хабарлаған еді. Одан кейін тағы қазақстандық екі баланың денелері табылды.