Қытай сирек кездесетін металдарды мемлекет меншігі деп жариялады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
сирек металл
Сирек кездесетін металдар өндірісі қатаң бақылауға алынады. Фото: shutterstock

Қытай билігі сирек кездесетін металдарды мемлекет меншігі деп жариялады. Сонымен қатар билік бұл саланың дамуын қадағалап отырады. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің құжатында жазылған.

Жаңа ережелер 1 қазаннан өз күшіне күшіне енеді.

Сондай-ақ олар сирек кездесетін металдарға қатысты мәліметтер жинақталатын жаңа ақпараттық жүйе құрмақ. Сирек жер металдарын өндіру, өңдеу және экспорттаумен айналысатын компаниялар осы жүйеге тіркелуі тиіс. Сонымен қатар металл өндірісінің көлемін дәл есепке алу үшін өз құралдарын жасауы керек.

Былтыр Қытай билігі жартылай өткізгіш өнімдерді өндіруде белсенді қолданылатын германий мен галлийді экспорттауға шектеу енгізген. Сонымен қатар сирек кездесетін металдарды өндіру технологияларын экспорттауға тыйым салды.

Қытай қазіргі кезде әлемде кездесетін сирек металдардың 90%-ын өндіреді. Сирек металдардың мемлекет меншігі деп жариялануына олардың Қытайда қарқынды дамып жатқан автокөлік өндірісі де ықпал еткен.

Көлік аккумуляторлары өндірісіне қолданылатын негізгі химиялық элементтердің бірі – литий сирек металдар қатарына жатады. Әлемдік нарықтағы қымбат әрі жоғары сұранысқа ие металдардың көш басында қазір осы шикізаты тұр. Сарапшылар литийді «электроника дәуірінің мұнайы» деп атайды. Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес, алдағы 2050 жылға қарай мұндай таза энергия көздеріне сұраныс арта түседі.

Ал Қазақстанда ресми деректер бойынша 50-ден 100 мың тоннаға дейін литий қоры бар. Сарапшы Досым Сәтпаев Қытай үшін біздің өңір сирек металдар өндірудің қосымша перспективалы көзінің бірі екенін айтады.

«Әрине, бұл ЕО мен АҚШ-ты алаңдататыны анық, өйткені біз жартылай өткізгіштер немесе электр көліктерін өндіруге арналған шикізат туралы ғана емес, сонымен қатар әскери-өнеркәсіп кешенін шикізатпен қамтамасыз ету мәселелері туралы айтып отырмыз. Оның үстіне, мамандар Еуропалық Одақ қазірдің өзінде қоры мен өндірісі бойынша әлемде жетекші орын алуға тырысатын Қытайдан Ресей арқылы сирек металдарды жеткізуге тәуелді болып отыр. Сондықтан Қазақстан және Орталық Азияның басқа да елдері литий және өзге де сирек металдар қорына байланысты Батыс үшін маңызды», – деп түсіндірді саясаттанушы.

Сондай-ақ оқыңыз