Кентау қаласы экологиялық дағдарыс жайлаған аймақтар қатарына кіре ме?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
экологиялық
Кентау қаласының экологиясы қандай деңгейде?/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының Кентау қаласын экологиялық дағдарыс алдындағы аймақ деп тануға қатысты сауалына жауап берді. Бектеновтің жауабында ол үшін «Арал өңірі туралы» заңға өзгеріс енгізіп, республикалық бюджетке ұсыныс берілуі керек екені жазылған.

Бектеновтің айтуынша, экологиялық қасіретке ұшыраған аумақ шекаралары «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңға сай белгіленеді.

«Зерттелетін аумақтың бір бөлігін экологиялық дағдарыс алды жағдайындағы аймақ (Кентау қаласының аумағы (оның ішінде Бүргем елдімекені) және оған іргелес Ащысай, Хантағы, Баялдыр, Қарнақ ауылдары (оның ішінде Күшата және Шаштөбе елді мекендері), ал басқа бөлігін төтенше экологиялық жағдай аймағы (солтүстіктен Кентау қаласына іргелес (өнеркәсіптік аймақ) деп тану туралы ұсыныс берілді», – деп жазылған жауапта.

Кентау қаласы мен оған іргелес жатқан ауылдарды экологиялық дағдарыс алды жағдайындағы аймақ деп тану үшін Арал өңірі туралы заңға тиісті өзгеріс енгізу керек.

«Қазіргі уақытта Түркістан облысының әкімдігі Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін қаржы-экономикалық есептеу мен негіздеме дайындап жатыр. Осыған байланысты Арал өңірі туралы заңға түзетулер енгізу мәселесі Республикалық бюджет комиссиясының оң шешімі алынғаннан кейін заңнамада белгіленген тәртіппен пысықталатын болады», – деп жауап берген Олжас Бектенов.

Депутат сауалы не туралы?

Сенаторлар сауалында Кентау қаласы мен оған іргелес (Ащысай, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ, Құшата ата, Шаштөбе, Бүргем) елдімекендерді экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа кіргізу мақсатында заңға өзгеріс енгізуді сұраған.

Мұрат Қадырбектің айтуынша, Кентау қаласы тұрғындары 2016 жылдан бері экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймақ ретінде айқындауға талпынып келеді. Сонымен қатар бұл мәселе наурыз айында парламенттік комиссияның көшпелі отырысында да көтерілген.

2019-2020 жылдары Кентау қаласы мен оған іргелес елдімекендер халқының денсаулығы мен қоршаған ортаның жай-күйіне кешенді бағалау жүргізілген. Оған бюджеттен 633,4 млн теңге бөлініп, «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС зерттеу жасаған.

Зерттеу нәтижесінде Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрілігі және Экология және табиғи ресурстар министрлігінен оң қорытынды алынған.

Ал биыл мамырда Экология министрлігінде Кентау қаласындағы жалпы ауданы 900 гектарды қамтитын өнеркәптік аумақты төтенше экологиялық жағдай аймағы деп жариялау жөніндегі жиын өтеді. Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Заң жобасына өзгеріс енгізу ұсынысы айтылған.

«Сонымен қатар аталған аумақта жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге экологиялық аймақта тұрғаны үшін әлеуметтік аударымдармен қоса 20% үстемақы, көлемі жыл сайын 6,0 млрд теңгеге жуық қаржы республикалық бюджеттен қарастыру қажет екенін шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз», – деп көрсетілген сауалда.

Кентау қаласындағы экологиялық жағдай

Кентау қаласындағы экологиялық жағдай жылдан-жылға нашарлап бара жатқаны жайлы мәселе бірнеше жыл бұрын көтерілген. Өйткені қала Арал аймағына жақын орналасқан. Арал кеуіп, түбіндегі тұзының көтерілуі жақын маңдағы халықтың денсаулығына кері әсер етіп жатыр. Осы себепті Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстарының кейбір аймақтары экологиялық апат аймақтары болып танылған. Ал Кентау қаласы сол тізімге енбей қалған.

Қазіргі кезде Кентаудың қасындағы Түркістан қаласы мен Сауран, Созақ аудандарының халқы экологиялық апат аймағына жатады. Соның негізінде халық әлеуметті колдау шараларын иеленеді. Ал Кентау қаласының тұрғындары мұндай артықшылықтар берілмейді.

Сондай-ақ оқыңыз