Украина прокуратурасы Айдос Садықовтың өлімінен кейін қасақана адам өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
садыков
Украина Бас прокуратурасы Айдос Садықовтың өлімінен кейін қылмыстық істі өзгертті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Украина Бас прокуратурасы қазақстандық журналист Айдос Садықов ауруханада қайтыс болғаннан кейін оның өліміне қатысты қасақана адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Құқық қорғау органдары осыған дейін жүргізілген «адам өлтіру әрекетіне» қатысты бапты «қасақана адам өлтіру» бабына өзгертті. Бұл Украина ҚК 115-бабының 11, 12, 2-тармақтары, яғни бір немесе бірнеше адамның алдын ала келісім бойынша қасақана адам өлтіруі», – делінген Украина Бас прокуратурасының хабарламасында.

Прокуратура істің өзгеруіне Айдос Садықовтың ауруханада қайтыс болғаны әсер еткенін жазады.

Тергеу істерін Киев қаласындағы Украина Ұлттық полициясы жүргізеді.

Айдос Садықовтың өліміне қатысты істің мән-жайы

18 маусымда Киевтегі Шевченко ауданында белгісіз адам тұраққа қойылған автокөліктің жүргізушісіне, яғни қазақстандық белсенді Айдос Садықовқа оқ атқан. 

2 шілде Айдос Садықовтың Киевте ауруханадағы реанимация бөлімінде қайтыс болғаны белгілі болды.

Айдос Садықов пен әйелі Наталья Садықова Киевте тұрады. Олар 2014 жылдан бері «Бәсе» Youtube-арнасын ашып, Қазақстандағы саяси оқиғаларға қатысты сыни видеолар жариялап жүрген.

Украинаның Бас прокуратурасы «Бәсе» оппозициялық арнасының авторы Айдос Садықовқа қастандықты екі қазақстандық жасады деген ақпарат жариялады. Прокуратура сайтында Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаевтың қылмысы жайлы толыққанды беріп, оларға халықаралық іздеу жариялады.

Прокуратура мәліметінше, күдіктілер Садықовты өлтіруге «белгісіз адамнан» тапсырыс алған. 2 маусымда олар Киевке келіп, оны аңдиды. 18 маусымда олар журналист тұрған үйдің жанына тоқтап, Садықов үйіне жеткенде, Мейрам Қаратаев «көліктің жүргізуші отыратын жағына қарай тез жақындап оқ атқан».

Қазақстан Бас прокуратурасы Садықовқа қастандық жасауға байланысты сотқа дейін тергеу амалдарын бастаған. Президен Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте қазақстандық журналиске қастандық жасаған күдіктілердің мекенжайын анықтауды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.

22 маусымда Бас прокуратура «Бәсе» каналының авторы Айдос Садықовқа Киевта жасалған қастандық ісі бойынша күдіктілердің бірі ұсталғанын хабарлады. Алтай Жақанбаев Қазақстанның құқық қорғау органдарына өзі берілген.

Сондай-ақ оқыңыз