Қытайлық кәсіпкер Қазақстанда жаңа кен орнын ашады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Алматы маңынан қандай кен орны ашылатынын қытайлық кәсіпкер ашып айтпады / Фото: архив kursiv.media

Қытайлық кәсіпкер Қазақстанда жаңа кен орнын ашатынын мәлімдеді.  Жаңа кен орны Алматы маңында болады. Бұл істі Pacific Holding Company басқарма төрағасы Цзян Сяофу қолға алмақшы.

ШЫҰ саммиті қарсыңында Астанада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі өтті. Іс-шараға 500-ден астам бизнес өкілдері мен 50-ден астам ірі қытайлық компаниялардың өкілдері жиналды.

Іскерлік кеңеске келгендер арасында Pacific Holding Company басқарма төрағасы Цзян Сяофу да бар. Кәсіпкер еліміздегі ірі жобаларға инвестиция салып, бизнес жасап келеді. Қытайлық кәсіпкер елімізде ірі жобаны қолға алып жатқанын жеткізді.

«Қазақстанда кен орнын ашу жоспары тұр. Наурыз айынан бастап кен орнына 1 млрд АҚШ доллары шамасында қаржы құйылды. Кен орны Алматы өңірінде болады. Нақты қай орында және кен орны немен байланысты екенін әзірге айту ерте. Әрине, мүмкіндік болса осы жоба ұзақ жыл болады деген жоспарымыз бар», – дейді қытайлық кәсіпкер Цзян Сяофу.

Айта кетейік, осыған дейін China Huadian Corporation компаниясы ШҚО-да 2 су электр станциясын салатыны жайлы жазған едік. Жоба бойынша қуаты 51,4 МВт болатын екі су электр станциясы Катонқарағай және Алтай аудандарында орналасады.

Қазақстан экономикасының тірегіне айналған ірі компаниялардың барлығында Қытайдың үлесі бар. Қытай 17 жылда Қазақстан экономикасына 36,7 млрд инвестиция салған. Мұны China Global Investment Tracker, ҚХР-ның әлемнің түрлі елдеріне салған ірі инвестициялары туралы мәліметтер базасынан байқауға болады.

Еске сала кетсек, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапары мен ШЫҰ саммиті қарсаңында арнайы мақала жазды. Онда Қытай басшысы екіжақты сауданың дамуы, визасыз режимнің артықшылықтары туралы айтып, Қазақстанның тәуелсіздігін қолдауға уәде берді. Қытай басшысы екі елдің экономикалық байланысы мен сауда-саттығының маңызы жоғары екенін атап өтеді. Қазіргі кезде Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз